2019 жылы республика көлемінде қолға алынған «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасының нәтижесінде 2020 жылы жинақ кітап басылып шыққан болатын. Аталған ірі жоба енді өңірде жалғасын таппақ. Бұл туралы Алматы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды.
Қазақ халқының тарихи-мәдени өмірін тереңінен зерттеп, заман ыңғайына қарай бұрмаланған тарихымызды қайта қарап, шынайы бағасын беру мақсатында бастау алған аталмыш жоба 100 тарихи тұлғаның тізімін жасаумен ғана шектелмей, жаңа 7 томдық академиялық басылым әзірлеп жатыр. «Көлемді еңбекте осы уақытқа дейін ғылыми айналымға енбеген жаңа тарихи деректер мен есімдер, шаң басқан мұрағаттағы ақпараттар жарыққа шығады», – дейді Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты бас директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Шамек Тілеубаев.
Ал Қарадала және Кеген өңірлеріндегі тарихи зерттеу жұмыстары 3 кезең бойынша өткізіледі. Алғашқы экспедиция кезеңі сәуір айының 7-9 күндеріне белгіленген. Бұл күндері Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары жұмылып аймақтағы археологиялық нысандар мен мұрағаттарда зерттеу жүргізбек. Зерттеу нәтижелері жобаның екінші кезеңінде, арнайы конференцияда қоғам назарына ұсынылады деп жоспарлануда. Қорытынды үшінші кезең қыркүйек-қазан айларында әйгілі «Қаратал» шайқасының 340 жылдығына орай үлкен мәдени іс-шара ретінде өтпек.
Осылайша жергілікті тұрғындар өз тарихын тереңірек түсінсе, жалпы қазақ тарихы тың деректермен толыға түседі.
Баян Мұратбекқызы
Қонаев қаласы