Облыс аумағында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Аталған шара Қазақстан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің ұйытқы болуымен өткізілуде.
Қазіргі таңда діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы өз жұмысын бастап кетті. Шара 19 мамырға дейін жалғасады.
Профилактикалық жұмыс жүргізуде халықтың діни сауатын арттыруға, қоғамда дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға, дін саласындағы мемлекеттік саясатты және халық арасында зайырлы мемлекеттің негіздерін түсіндіруге ерекше көңіл бөлінеді. Түсіндіру тобының құрамында теология және дінтану мәселелері бойынша танымал және беделді тұлғалар бар. Атап айтқанда, Діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығының директоры Тимур Нүсіпханов, белгілі исламтанушы, PhD докторы Алау Әділбаев, дінтанушы Руслан Сәрсембаев, Философия, саясаттану және дінтану институты Дінтану орталығы директорының орынбасары Алмасбек Шағырбай және практик-маман, Алматы қаласы кеңес беру және оңалту орталығының дінтанушысы Нұржан Қалиев кездесулер өткізеді.
Қазақстан Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бекіткен жоспар шеңберінде 15-19 мамыр аралығында облыс тұрғындарының әртүрлі санатын қамтитын 20-ға жуық профилактикалық іс-шара ұйымдастырылмақ. Айта кету керек, облыста осы бағыт бойынша профилактикалық жұмыс жергілікті атқарушы органдармен де тұрақты түрде жүргізіліп келеді.