Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алатауда заманауи қала қандай болуы керек?

Алатауда заманауи қала қандай болуы керек?

13 қаралым

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов бүгін Құрылтай отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдап, Алатау қаласының барлық елді мекенін инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылыммен қамтудың бірыңғай жоспарын әзірлеуді ұсынды. Депутаттың айтуынша, Smart City тұжырымдамасы тек заманауи технологияларды енгізумен шектелмей, тұрғындардың күнделікті өмір сапасын арттыруға бағытталуы керек. Осыған байланысты ол әлеуметтік нысандарды мамандармен қамту, цифрлық мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету және инфрақұрылым сапасын бағалаудың нақты көрсеткіштерін енгізуді сұрады.

Алатау қаласының құрылысы – еліміздің жаңа экономикалық және технологиялық моделін қалыптастыруға бағытталған ірі жобалардың бірі. Қалаға инвестиция тарту, өндіріс пен логистиканы дамыту, цифрлық технологияларды енгізу – жобаның негізгі бағыттарының қатарында. Алайда жаңа қаланың болашағын бағалағанда оның заманауи технологиялық нысандарымен қатар, тұрғындардың күнделікті қажеттіліктері де ескерілуге тиіс.

Smart City тұжырымдамасы қалай өлшенеді?

Бүгінде «ақылды қала» деген ұғым көбіне цифрлық технологиялармен байланыстырылады. Камералар, автоматтандырылған басқару жүйелері, цифрлық мемлекеттік қызметтер және деректерге негізделген шешімдер – Smart City инфрақұрылымының маңызды элементтері. Smart City тұжырымдамасының негізгі мақсаты – инновациялық технологияларды пайдалану арқылы қаланың ресурстары мен қызметтерін тиімді басқарып, тұрғындарға қолайлы әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Дейтұрғанмен, технологияның өзі қаланы автоматты түрде «ақылды» етпейді. Оның тиімділігі тұрғындардың өміріне қаншалықты нақты өзгеріс әкелетінімен өлшенеді.

2026 жылғы 31 наурызда Халықаралық менеджментті дамыту институты (IMD) әлемдегі ең ақылды қалалардың рейтингін жария етті. IMD Smart City Index жария қылған статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2026 жылғы рейтингте Цюрих, Осло және Женева алғашқы үш орынды иеленді. Олардың жоғары нәтижесіне сапалы инфрақұрылым, тиімді басқару, қауіпсіздік, дамыған көлік жүйесі, экологиялық тұрақтылық және цифрлық технологияларды тиімді пайдалану ықпал етті. Лондон 4-орынға көтерілсе, Дубай мен Абу-Даби цифрландыру мен заманауи инфрақұрылымға салынған инвестициялардың арқасында сәйкесінше 6 және 10-орындарға ие болды. Сингапур 9-орынды сақтап қалды. Ал Копенгаген, Канберра және Лозанна сапалы қалалық орта, тиімді басқару, дамыған көлік және цифрлық шешімдердің арқасында үздік ондыққа кірді.

2026 жылғы рейтингтің басты ерекшелігі – «ақылды қала» ұғымын тек цифрлық технологиялармен өлшемей, қоғамдық сенім, ашықтық, басқару сапасы және тұрғындардың технологиялар мен қалалық инфрақұрылымды қабылдауы арқылы қарастыруы. IMD мәліметінше, жоғары нәтиже көрсеткен қалаларда басқару, технология және тұрғындардың сапалы қызметті уақытылы алу мүмкіндігі жақсы қарастырылған.

Бұл рейтингтен-ақ Smart City моделін бұрыннан қалыптасқан қалаларға енгізу бойынша Еуропа мемлекеттері алдыңғы қатарда екенін анық аңғаруға болады. Аталған елдер қолданыстағы инфрақұрылымды заманауи цифрлық технологиялармен үйлестіруге басымдық береді. Ал жаңа, толықтай цифрлық қалаларды құруда Азия елдерінің тәжірибесі ерекше көзге түседі. Мысалы, Оңтүстік Кореядағы Сонгдо қаласы 2009 жылы заманауи технологиялар негізінде салынды. Мұнда ғимараттар ақылды сенсорлармен жабдықталып, кәріз жүйесі, қоқыс жинау, көлік қозғалысы және қоғамдық көлік сияқты қалалық инфрақұрылым нысандары цифрлық жүйелер арқылы басқарылады. Мемлекеттік қызметтердің де біртұтас басқару жүйесіне біріктірілуі қаланың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Оңтүстік Корея демекші, бүгінде Сеулде мемлекеттік іссапармен жүрген Қасым-Жомарт Тоқаев Кореяның іскерлік топ өкілдерімен кездесуде Алатау қаласын дамыту мақсатында қабылданып жатқан дәйекті шаралар туралы мәлімет берді. Жаңа орталық озық өнеркәсіп салалары пен инновация шоғырланған урбанистік және экономикалық хабқа айналуды көздейді.

– Цифрлық технологияларға, жасанды интеллектіге және заманауи инженерияға негізделген қаланы өркендетуге кореялық серіктестер белсенді атсалысып жатыр. KIND корпорациясымен бірге бас жоспарды және тұрғын үй аудандарын жобалаумен, сондай-ақ басқа да кореялық компанияларды ауқымды жобаға тартумен айналысып жатырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұндағы келіссөздердің нәтижесінде Алатау қаласында Кореяның KAIST институтының филиалы ашылатын болды.

Алатаудың артықшылығы қандай?

Алатаудың басты ерекшелігі – оның жай ғана жаңа қала ретінде емес, Қазақстанның жаңа экономикалық және технологиялық даму алаңы ретінде қалыптасуында. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституциямызда жедел дамитын қалалар үшін арнайы құқықтық режим енгізу мүмкіндігі бекітілді. Осы тетік алғашқылардың бірі болып Алатауда іске асырылып отыр. Ал 8 мамырда Президент «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңға қол қойған болатын. Құжат қалаға ерекше басқару, қаржылық және институционалдық тетіктер қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Арнайы режим аясында бизнес үшін «бір терезе» қағидаты, жеңілдетілген лицензиялау, арнайы салықтық, кедендік және бюджеттік тетіктер қарастырылған. Сонымен қатар қаланы ұзақ мерзімді жоспарлау жүйесі енгізілуде. Бұл Алатауды инвестиция тартуға және жаңа өндірістерді орналастыруға бағытталған экономикалық экожүйе ретінде дамытуға жол ашады.

Қаланың тағы бір ерекшелігі – цифрлық технологияларды оның даму моделінің өзегіне айналдыру. 330 гектар аумақта K-Smart City цифрлық ауданын құру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, Alatau AI-Driven City тұжырымдамасы аясында жасанды интеллект, Big Data және қаланың цифрлық егізін пайдалану көзделген. Яғни көлік, коммуналдық жүйелер және басқа да қалалық процестерді деректер негізінде басқару жоспарлануда.

Экономикалық тұрғыдан да жоба ауқымды. Алатауда жалпы құны 2 триллион теңгеге жуық инвестиция тартылып, 50-ден астам ірі жоба жүзеге асырылады. Оның аясында 51 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Жобалар өндіріс, логистика, технология, медицина, білім және қалалық инфрақұрылым бағыттарын қамтиды.

Дегенмен бұл мүмкіндіктердің барлығы қала тұрғындарының өмір сапасына әсер еткен жағдайда ғана толық мәнге ие болады. Депутат Жанарбек Әшімжанов та осыған назар аударып, бүгінгі Құрылтай отырысында «Smart City ең алдымен smart өмір сүру ортасын қалыптастыруға тиіс» екенін атап өтті. Оның пікірінше, цифрландыру тек камералар мен электронды қызметтер санын арттырумен шектелмеуі керек. Мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі, инфрақұрылымның сапасы, білім мен медицинаға қолжетімділік те қатар қамтамасыз етілуі қажет.

Сондықтан Alatau City-дің басты ерекшелігін бір ғана технологиядан немесе инвестиция көлемінен іздеу жеткіліксіз. Оның негізгі мүмкіндігі – арнайы құқықтық режимді, инвестициялық әлеуетті, заманауи инфрақұрылым мен цифрлық технологияларды бір қала моделіне біріктіруінде. Ал бұл мүмкіндіктердің тұрғындардың күнделікті өмірінде қаншалықты сезілетіні қаланың дамуының маңызды көрсеткіштерінің бірі болмақ.

Бекжан ШІЛІКБАЕВ, Alatau City Authority арнаулы басқару ұйымы Smart City дамыту және деректерді басқару департаментінің директоры:

Бірыңғай цифрлық орта – Алатау қаласының «ақылды қала» моделінің негізі

– Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы Конституциялық заң бүкіл Алатау қаласының аумағын «ақылды қала» қағидаттары негізінде дамытуды көздейді. Бұл цифрлық технологияларды, IoT шешімдерін, қалалық инфрақұрылымды интеллектуалды басқару жүйелерін және мобильділік саласындағы заманауи шешімдерді енгізуді қарастырады. Аталған тәсіл қала құрамына кіретін ауылдық елді мекендерді де қамтиды.

Тағы айта кетерлігі, барлық елді мекенді цифрлық қызметтермен қамту бірыңғай қалалық цифрлық экожүйені қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады.

Оның технологиялық негізін жоғары жылдамдықты телекоммуникациялық инфрақұрылым, IoT, қалалық деректер, Digital Twin және жасанды интеллект негізіндегі басқару құралдары құрайды. Alatau City инфрақұрылымдық тұжырымдамасында 5G Smart City коммуникациялық инфрақұрылымының негізгі элементтерінің бірі ретінде қарастырылады.

Сонымен қатар Алатау қаласының құрамына кіретін барлық елді мекендердің тұрғындары Қазақстан Республикасының қолданыстағы цифрлық жүйелері арқылы мемлекеттік қызметтерді алу мүмкіндігін сақтайды.

Осылайша, Жетіген, Ынтымақ және басқа да қолданыстағы елді мекендер жаңа smart-аудандардан бөлек емес, бірыңғай цифрлық қалалық ортаның ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады.

Перспективада бұл тұрғындарға цифрлық мемлекеттік және қалалық қызметтерді ұсынумен қатар, көлік, коммуналдық инфрақұрылым, жарықтандыру, қауіпсіздік және басқа да қалалық жүйелерді бірыңғай деректерді басқару ортасына біріктіруге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар қаланы одан әрі дамыту үшін нормативтік-құқықтық база қалыптастырылуда. Жыл соңына дейін бизнесті жүргізу, цифрлық активтерді пайдалану және басқа да бағыттарды реттейтін бірқатар құжаттарды қабылдау жоспарланған. Бұдан бөлек, ARUP Group және BCG халықаралық консультанттарын тарта отырып, Алатау қаласын 2040 жылға дейін дамытудың стратегиялық мастер-жоспары және 2055 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму жоспары әзірленуде.

Раушан ЕСБЕРГЕН, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Басқару институтының профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент): 

Алатаудың дамуындағы басты басымдық – адамға бағдарланған инфрақұрылым

– Еліміздің өңірлік және қалалық даму саясатының басты мақсаты – әрбір тұрғын үшін қолжетімді инфрақұрылым мен сапалы мемлекеттік қызметтерді қамтамасыз етіп, өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру. Осы тұрғыда Алатау қаласы адамға бағдарлану, өмір сүру сапасын арттыру және әрбір тұрғын үшін қолжетімді қалалық орта қалыптастыру қағидаттарына негізделген заманауи қала моделіне айналуға тиіс. Қаланың дамуы тек инвестициялық белсенділікті, өндірістік әлеуетті және цифрлық технологияларды шоғырландырумен шектелмеуі керек.

Алатау қаласының ұзақ мерзімді даму жоспарларына сәйкес, 2050 жылға қарай халық саны 1,87 млн адамға жетіп, қалада шамамен 1 млн жұмыс орнының ашылуы және жылына 4 млн-нан астам туристің келуі күтіледі, бұл инженерлік, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымына қойылатын талаптарды едәуір арттырады. Осыған байланысты қазіргі кезеңде 26 инфрақұрылымдық жоба қарастырылып, оның ішінде 61,2 км жолды жөндеу және 15 км жаңа жол салу жоспарланған. Сондықтан қаланың даму нәтижесін тек инвестициялар мен нысандар көлемімен емес, инфрақұрылымның осы ауқымды өсімге дайындығы, қызметтердің барлық тұрғындар үшін қолжетімділігі және өмір сүру сапасындағы нақты өзгерістер арқылы бағалауды қажет етеді.

Алатау қаласының арнайы құқықтық режимін ескере отырып, қала құрамына кіретін барлық ауылдар мен елді мекендерді қамтитын инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай кешенді жоспарын қалыптастыру және оны Өңірлік стандарттар жүйесімен (ӨСЖ) өзара байланыстыру қажеттілігі туындайды. Арнайы құқықтық режим қаржы қызметтерін, инновациялық инфрақұрылымды және экономикалық жаңғыртудың жаңа құралдарын дамытуға қолайлы институционалдық жағдайлар қалыптастыруға бағытталғандықтан, оның нәтижелілігін тек экономикалық көрсеткіштермен емес, инфрақұрылымның қолжетімділігі, базалық қызметтердің сапасы және тұрғындардың өмір сүру сапасындағы нақты өзгерістер арқылы бағалау маңызды.

Осы тұрғыдан алғанда, ӨСЖ қаланың әрбір елді мекеніндегі базалық инфрақұрылым мен қызметтердің қамтамасыз етілу деңгейін айқындайтын өлшемдік негіз ретінде, ал бірыңғай кешенді жоспар анықталған инфрақұрылымдық алшақтықтарды қысқартудың практикалық құралы ретінде қарастырылуы мүмкін. Мұндай тәсіл арнайы құқықтық режимнің экономикалық және институционалдық мүмкіндіктерін аумақтың теңгерімді дамуымен ұштастырып, барлық тұрғын үшін базалық қызметтер мен инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталады.

Қазақстанның өңірлерінің даму тиімділігі инвестициялар мен технологиялардың көлемімен ғана емес, олардың барлық тұрғын үшін қолайлы орта мен тұрғындардың өмір сүру сапасындағы нақты өзгерістер арқылы бағалануға тиіс.

P.S. Алатау қаласының жаңа даму моделінің өзегінде экономикалық өсім мен технологиялық жаңғырту ғана емес, ең алдымен тұрғындардың өмір сүру сапасы мен қалалық қызметтердің қолжетімділігі тұруы қажет. Қала халқының қарқынды өсуі жағдайында инженерлік, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын алдын ала дамыту, барлық елді мекендерді бірыңғай цифрлық ортаға біріктіру және базалық қызметтердің тең қолжетімділігін қамтамасыз ету ерекше маңызға ие. Осы ретте Өңірлік стандарттар жүйесі инфрақұрылымдық қажеттіліктерді анықтайтын өлшемдік негіз болса, бірыңғай кешенді жоспар сол алшақтықтарды кезең-кезеңімен қысқартудың практикалық құралы бола алады. Ал Smart City шешімдері қалалық жүйелерді тиімді басқаруға және қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан Алатау қаласының даму нәтижесі салынған нысандар мен тартылған инвестициялар көлемімен ғана емес, олардың әрбір тұрғынның күнделікті өміріне әкелген нақты өзгерістерімен өлшенуі тиіс.

https://turkystan.kz/article/288876-alatauda-zamanaui-qala-qandai-boluy-kerek