Қонаев қаласында еліміздегі ең үлкен скейт-парктің құрылысы аяқталып қалды. 1 маусымда ашылады деп жоспарланған парктің қазір тек аумағын абаттандыру көгалдандыру жұмыстары істеліп жатыр. Парк аумағында скейтерлер мен самокат тебушілерге арналған рампа, рейл, бэнк, квотер пайп секілді және басқа да конструкциялар орнатылған.
Жалпы аумағы 9400 шаршы метр алаңда скейт зона (2000 шаршы метр), балалар алаңы (400 шаршы метр), уоркаут алаңы (200 шаршы метр), фотоға түсетін аймақ және демалатын орын салынған.
Нысанды аралауға барған Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев парктің қала тұрғындары үшін бірегей нысан екенін айтты. “Мұнда халықаралық турнирлер мен жарыстар өткізіп тұрамыз. Бұл жергілікті спортты дамытып қана қоймайды, қалаға үлдік деген спортшылар мен кәсіпқойларды тартады” деді өңір басшысы. Сонымен қатар парк аумағында абаттандыру жұмыстары ғана емес, балалар алаңы мен ойын алаңын, оның ішінде футбол алаңын жабдықтауға да көңіл бөлінген.
Бейресми статистика бойынша, қалада бүгінде 1000-нан астам жасөспірім BMX, скейтборд пен самокаттың экстремалды түрін тебумен әуестенеді.