Бүгінде мобильді банкинг арқылы қолма-қол ақшаны жылдам аудару үйреншікті жағдайға айналды. Мобильді қосымшада алушының нөмірін терсеңіз жеткілікті, ақша алушының шотына аударылады. Алайда, аударым кезінде ұялы телефон нөмірін немесе карта, шот деректемелерін қате жібердіңіз және сома мүлдем бейтаныс адамға кетті делік. Егер сіз онымен төлемді қайтаруға келісе алсаңыз жақсы. Ал келісе алмасаңыз ше? Айтпақшы, шотыңызға қаражат түсіп, бірақ жіберушінің кім екенін білмейтін жағдайлар да болады.
Қателесіп, ақшаны бейтаныс адамға аудардарғанда не істеу керек?
Сіз телефон нөмірі бойынша жедел төлем жасадыңыз, бірақ цифрдан қате жібердіңіз делік. Ақшаны қайтару қиын, бірақ қайтаруға болады. Алушымен хабарласып, ақшаны қателесіп аударғаныңызды түсіндіріп көріңіз, түскен соманы қайтаруды сұраңыз. Ол адам сізге сенуі және алаяқ деп күдіктенбеуі үшін шотты тексеруді ұсыныңыз. Алған адам жағдайыңызды түсініп, содан кейін ақшаны кері аударыммен қайтаруы мүмкін. Бас тартқан жағдайда тек сотқа жүгіну және ақшаны өндіріп алу туралы талап-арыз ғана бере аласыз. Себебі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес бұл әрекет «негізсіз баю» деп саналады. Сондай-ақ, Қазақстан Ұлттық Банкінің қолданыстағы қайта қаржыландыру мөлшерлемесі бойынша ақшаңызды пайдаланғаны үшін сыйақы өндіріп ала аласыз.
Егер карточканың немесе шоттың дұрыс емес нөмірі бойынша ақшаны қате жіберген болсаңыз, банкке хабарласып, бәрін түсіндіріп, менеджерден ақшаны қалай қайтаруға болатындығын білуіңіз керек. Сонымен қатар, бұл жағдайда банк төлемді біржақты түрде кері қайтара алмайды. Әрбір банктің осындай мәселелерді шешудің өз рәсімі бар. Көбінесе, егер аударым дұрыс емес банк шотына жіберіліп қойса, ақшаны алушының келісімімен ғана қайтаруға болады.
Егер ақша аудару процесі жүріп жатқан болса, онда операцияны тоқтатуға болады. Егер қате жіберіп, жоқ банк деректерін көрсетсеңіз, төлем жасалмайды және ақша автоматты түрде қайтарылады.
Қате аударыммен ақша түскенде не істеу керек?
Әрине, ешкім аударымды қате жіберген адамды тауып, оған ақшаны қайтару үшін өз уақытын жұмсауға міндетті емес. Алайда бұл ақшаны жіберушіге қайтарған жөн, өйткені ол кез келген уақытта сізді сотқа беруі мүмкін. Бірақ, алдымен ақша расымен де шотыңызға түскеніне, мұның қаржы алаяқтарының ісі емес екеніне көз жеткізу керек.
Сондай-ақ, бұл ақша сізге тиесілі және ол сіздің шотыңызға қаражат аударған көздерден түскен болуы да мүмкін. Мысалы, сізден қарыз алған адам ақшаны қайтарды немесе компания қаржыңызды қайта есептеді. Яғни, мұның жалған емес, қате аударым екенін нақтылап алыңыз.
Қаскөйлер банктердің және басқа да қаржы ұйымдарының атынан сіздің шотыңызға қандай да бір соманың түскендігі туралы SMS-хабарламаларды жиі тарататынын, содан кейін қоңырау шалып, қайтаруды сұрайтынын да есте сақтау керек. Сондықтан, түскен ақшаны кері аудармас бұрын қаражат шынымен түскеніне көз жеткізіңіз. Мұны мобильді банк қосымшасынан немесе банк операторымен ресми нөмір бойынша байланысып анықтауға болады.
Ақшаның кімнен және қашан түскенін білу үшін шотыңыздағы үзінді-көшірмені зерделеңіз. Егер ақшаның қате аударылғанына көзіңіз жетсе, ал жөнелтуші сізбен байланысқа шықпаған болса, банкке хабарласыңыз. Соманы қайтаруға келісім беру туралы жазбаша өтініш жазыңыз. Содан кейін қаржы институты республика заңнамасы бойынша төлемдерді қайтару рәсімдеріне сәйкес кері аударым жасайды.
Қате аударым жасамау үшін не істеу керек?
Транзакцияны бастамас бұрын әрқашан деректемелерді мұқият тексеріңіз. Басқа шотқа ақша аудару нысанын толтырған кезде абай болыңыз, әрқашан карта деректемелері мен телефон нөмірлерін бірнеше рет тексеріңіз. Тағы бір ақылға қонымды кеңес – алушының деректемелерінің дұрыстығын бірнеше рет тексеру үшін алдымен шағын сома ғана аударыңыз. Алушы растағаннан кейін қалған соманы қайта жіберіңіз. Осылайша транзакцияңыздың ойлаған адамға аударылғанына көз жеткізе аласыз.
Қолма-қол ақша аударған кезде әрдайым мұқият болыңыз. Бірнеше қарапайым тексерулерге жұмсалған бірнеше минут еңбекпен тапқан ақшаңызды сақтап, көп уақытыңызды үнемдейді.