Қазақстанның дзюдо құрамасы Qazaqstan Barysy Grand Slam жарысында 1 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль жеңіп алып, 42 елдің арасында жалпыкомандалық есепте 4-орынға ие болды. Бұл туралы egemen.kz Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.
Үш күнге созылған әлемдік додада Қазақстан сапынан 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Мағжан Шамшадин чемпион атанып, Ғұсман Қырғызбаев (-66 кг) күміс жүлде еншіледі. Дзюдошылар Данияр Шамшаев (-73 кг), Асқар Нарқұлов (-73 кг), Ислам Бозбаев (-100 кг), Ғалымжан Қырықбай (+100 кг) және Ақерке Рамазанова (+78 кг) үшінші орынға көтерілді.
Ғалия Тынбаева (-48кг), Жансай Смағұлов (-73 кг) және Бекарыс Сәдуақас (-100кг) кіші финалға дейін жетіп, 5-орынға тұрақтады.
«Өзімді керемет сезініп тұрмын, өз елімізде өтіп жатқан байрақты жарыста алтын алу – маңдайыма жазылған бақыт шығар. Қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Голден скор сегіз минутқа созылса да, шаршағаным сезілмеді. Қарсыласыммен бір-біріміздің қыр-сырымызды біліп, әбден намысқа салып күрестік. Өз елімізде өтетін жарысқа психологиялық тұрғыда жақсы дайын болдым. Мені қолдаған барша қазақ еліне алғысым шексіз», – деді өз сұхбатында чемпион атанған Мағжан Шамшадин.
Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне «Qazaqstan barysy Grand Slam» атауымен енген бұл жарысқа барлығы 42 елден 340 спортшы қатысты. Бұл доданың нәтижесінде IJF ережелеріне сәйкес жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінді. Атап айтқанда, чемпиондарға 1000, күміс жүлдегерге – 700, ал 3 орын үшін 500 ұпайдан берілді.
Qazaqstan barysy Grand Slam турнирінде дзюдошылар 2024 жылы Парижде өтетін жазғы олимпиада ойындарына қатысу үшін ұпай жинады.
Қазақстан дзюдо федерациясы мен Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) екіжақты келісімшартына сәйкес еліміз әлемдік Grand Slam жарысын 2023-2026 жылдар аралығында қабылдайды.