Қонаев қаласындағы облыстық мешітте өңірдің бас имамы Мадияр Пірімқұлов, ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асхат Бәзілов, Ауылшаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Қонаев қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Мұрат Есполатовтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Брифингте айт мерекесіне орай мешіттерде өткізілетін іс-шаралар бағдарламасы кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар құрбандық шалынатын орындар туралы да айтылып, барша жамағатты тазалыққа мән беруге шақырды.
«Биыл 28 маусымға тура келіп тұрған барша мұсылманның ең ұлық мейрамы саналатын Құрбан айт елімізде Мемлекет басшысының Жарлығымен ресми тойланатын мерекелердің қатарына енгізіліп, айттың алғашқы күні демалыс болып белгіленген. Асыл дініміз дәріптеген ұлық мерекені ұлықтау айт намазын оқудан басталады. Облыс мешіттерінде Айт намазы 6:10-да оқылады. Айт намазынан кейін үш күн ішінде жағдайы келетін мұсылмандар құрбан шалуы керек. Құрбан айтқа 12 мүшесі сау мал шалынады. Құрбан айт мереке болғандықтан баршамыздың шариғат бекіткен шеңберден шықпай тойлауымыз – міндет. Сондықтан онда барлығының ақысы бар. Сол себепті құрбандық етін үшке бөлген дұрыс. Біріншісін отбасында қалдырып, екінші бөлігімен тағам дайындап, ағайын туыс, көрші қолаңды шақырып, тойлап өткізген абзал. Үшінші бөлігі мұқтаж жандарға таратылады. Адамдарға жақсылық жасап, сауапты істермен өткізгеніміз дұрыс» – деді облыстың бас имамы Мадияр Пірімқұлов.
Сондай-ақ брифингте Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан шалудың екі түрін қарастырып отырғаны айтылды. Қалалық жерде тұратын, құрбандыққа мал таңдап алуға мүмкіндігі болмаған азаматтарға тиімді болу үшін құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban2023.kz сайты іске қосылды.
«Құрбандықты қашықтан шалғысы келетіндер аталған сайт арқылы құрбандық малын таңдап, көрсетілген деректемелер бойынша қажетті қаражатты аудара алады. Құрбандық шалу барысы бейнежазба режимінде өтеді. Сондай-ақ, сайтта құрбандық етіне өтінім қалдыруға болады. Еріктілер мұқтаж жандарға жеткізуді жүзеге асырады. Қой мен ешкіні жеке адам, ірі қараны бір немесе жеті адам бірігіп шалса болады. Облыс көлеміндегі әрбір мешіт мүмкіндігіне қарай дастархан жайып, спорттық ойындар өткізеді» – деді бас имам.
Мадияр Тағайбайұлының айтуынша, кейбір тұрғындардың айттан бірнеше күн бұрын «Шек беру» деп қайтыс болған жақындарына арнап мал сойып, туған-туыс пен ақсақалдарды асқа шақырып, дүниеден өткен аруақтарға құран бағыштауы шариғатқа теріс емес. Алайда, айттан бір күн бұрын мал сойып, шек беріп, айт күні құрбан шалуға мүмкіндігі болмай қалатындар да бар. Шариғат бойынша құрбандық айт намазынан кейін үшінші күнгі ақшам намазына дейінгі аралықта шалынады. Сондықтан шектікке сойылған мал құрбандық болып есептелмейді. Бас имам журналистерге осы мәселені халық арасында кеңірек насихатталуына басымдық берілуіне өтініш білдірді.
Келесі кезекте ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Асхат Бәзілов 2011 жылы Қазақстанда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда құрбандық шалу және басқа да діни рәсімдер ғибадат орындарында және белгіленген аумақта өткізілетіні айтылғанын атап өтті. Облыстың мұсылман жұртшылығының аталмыш заңның негізінде қала мен аудан әкімдіктері бекіткен айт күндері мал союға рұқсат етілген нысандарда құрбан шалуы тиіс екенін, Қонаев қаласында бұл рәсім жеке кәсіпкер М.Сіргебаевтың мал базарындағы арнайы орында орындалатынын хабардар етті. Барлық аудан, ауыл әкімдіктерінде 10 күнге жарайтын ветерианарлық анықтама берілетінін және мал сою нысандарында мал дәрігерінің болатынын қаперге салды. Сондай-ақ, жер үйдің тұрғындары ветеринарлық анықтамасы болған жағдайда құрбандыққа атаған малдарын өз үйінің ауласында союына болатынын, көпқабатты үйлердің маңайы мен қоғамдық орындарда құрбан шалуға рұқсат етілмейтінін айта келе, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында айт күндері әкімдік, полиция, ветеринариялық қызмет және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылатынын жеткізді.
Ветеринариялық бақылау комитеті Қонаев қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Мұрат Есполатов мал шалудың талаптары орындалмаған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 406-бабына сәйкес жеке тұлғалардан 50 АЕК, ұйымдардың лауазымды тұлғалары мен басшыларынан 100 АЕК мөлшерінде айыппұл өндірілуі мүмкін екеніне журналистердің назарын аударды.
Айжарық БАҚТЫБАЙҰЛЫ,
Қонаев қаласы