Қазақстан Парламентінің Сенаты бүгін «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң аясында «онлайн платформаны пайдаланушы» және «инфлюенсер (блогер)» анықтамаларымен қатар басқа да терминдер енгізіледі.
«Заң нормалары мемлекеттік тілдегі онлайн платформалардың интерфейсін дамытуға бағытталған. Бүгінгі таңда барлық онлайн платформалардың интерфейсін қазақ тілінде пайдалануға мүмкіндік жоқ, қарапайым пайдаланушы келісімімен толық танысу мүмкін емес. Заң арқылы онлайн-платформаларда жалған ақпаратты таратуға және орналастыруға тыйым салу, сондай-ақ онлайн-платформаның меншік иесіне оны жою бойынша талаптар қойылады», – деді Сенат депутаты Айгүл Қапбарова.
Сонымен қатар заңда жарнамалық контент орналастыратын қолданушыларды жарнаманы таңбалауды міндеттеуге ерекше мән берілген.
«Онлайн-платформалар туралы жарнамаға, әсіресе балаларға қатысты, мақсатты жарнама механизмін барынша мұқият талдау жоспарланып отыр. Сондай-ақ заң жобасы онлайн ортаны қауіпсіз және ашық түрде дамытуды көздейді. Қазақстан азаматтарының өтініштері негізінде буллинг пен өшпенді риторикадағы контентпен күресуге мүмкіндік беретін нормаларды енгізу ұсынылады», – деді сенатор.
Осыған байланысты «онлайн-платформа» және «онлайн-жарнама» ұғымдарын енгізуге байланысты Қылмыстық, Кәсіпкерлік кодекстерге, «Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары туралы», «Жарнама туралы», «Білім туралы», «Ақпараттандыру туралы» заңдарға түзетулер енгізіледі.