-13 °c
Qonaev
Saturday, May 24, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Ауыл тынысы

    Суға зәру сүмбеліктердің зары

    07.06.2023
    in Ауыл тынысы, Әлеумет, БАҚ, Инфрақұрылым, Құқық-заң, Өңір тынысы, Саясат, Экономика

    Фото: Aikyn.kz

    0
    SHARES
    2
    VIEWS

    Әлі күнге дейін өңірлердегі басты проблемалардың бірі – ауызсу мәселесі. Сұрауы бар суға жете алмаған ағайынның зары әр-әр жерден шығып қалып жатады. Үкіметтің арнайы бағдарламаларымен осы уақытқа дейін еліміздегі талай ауыл таза ауызсумен қамтылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, 2025 жылға қарай мемлекет халықты сумен жабдықтау қызметтерімен 100% қамтамасыз етуі тиіс. Бұл – 2020- 2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бағыттарының бірі.

    Ұйғыр ауданында да бұл жұмыс жүріп жатыр. Бүгінгі күнге аудандағы 25 елдімекеннің 20-сында ауызсу жүйесі тартылған. Әрине, сапалысы бар, сапасызы бар. Ол басқа әңгіме. Біздің айтпағымыз осы Ұйғыр ауданындағы қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы Сүмбеде ауызсу әлі күнге жоқ. «Ашынғаннан шығады ащы дауысым» демекші, ауыл тұрғындары бұл мәселені естір құлақтың бәріне айтты, оқыр көздің бәріне жазды. Нәтижесінде 2021 жылы жоба-сметалық құжаттары жасалып, жұмыс құны 1 млрд теңгеге бағаланды. 2022 жылдың аяғына таман Сүмбе ауылындағы ауызсу жүйелерінің жаңа құрылысы мен қайта құру жұмыстарына 40,0 млн теңге бөлінген. Қаражат игерілді.

    Бастаған іске балаша қуанған ауылдағы ағайын демін бір алған еді. Бірақ қуаныш ұзаққа бармады. «Биыл аяқталады» деп күтілген құрылыс жұмысы тағы да тұралап қалатын түрі бар. Себебі қаражат толықтай бөлінбеген екен. Мұны естіген сүмбеліктер жуырда облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтың Ұйғыр ауданына жасаған сапарындағы тұрғындармен кездесуінде Сүмбе ауылының ауызсуы турасында сауал тастаған еді. Облыс басшысы қаражаттың жеткілікті екенін, Сүмбеге ауызсу құбырларын тарту жұмысы осы жылдың қараша айының аяғында аяқталатынын айтып, үзілген үміт жалғанғандай еді. Бірақ бірер күн бұрынғы мәслихат сессиясында Ұйғыр аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы келтірген мәлімет бойынша, Рахат ауылының ауызсу жүйелерінің жаңа құрылысы мен қайта құру жұмыстарына 207 млн 624 мың теңге, Сүмбе ауылының ауызсу жүйелерінің жаңа құрылысы мен қайта құру жұмыстарына 100 млн теңге, Қалжат ауылының ауызсу жүйелерінің жаңа құрылысы мен қайта құру жұмыстарына 286 млн 573 мың теңге қарастырылған. Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан Ават ауылының ауызсу жүйелерінің жаңа құрылысы мен қайта құру жұмыстарына 739 млн 852 мың теңге, Ұзынтам ауылының ауызсу жүйелерінің жаңа құрылысы мен қайта құру жұмыстарына 218 млн 795 мың теңге қаражат бөлінген екен. Байқағаныңыздай, әуелде бағаланған 1 млрд теңгенің тек 100 миллионы ғана бөлініп отыр.

    Сүмбе ауылында соңғы рет ауызсу құбырлары 1980 жылдардың ортасында тартылған. Содан бері жөндеу жұмыстарын көрмеген ауызсу жүйесі әбден тозығы жеткен, ескірген. Ауылдағы ағайын бұлақтан су таситын күнге жеткен. Не ауызсуы жоқ, не мәдени ошағы жоқ, не жолы жасалмаған, ағын судан да таршылық көріп, жер, мал ұстауға мүмкіндігі болмай отырған ауылда жастар тұрақтамайтын болған. Халық саны осыдан он жыл бұрынғыға қарағанда мыңнан аса адамға азайып кетті. Сүмбе ауылындағы 567 ауланың 80-ге жуығы үйлерін жауып көшіп кеткен болса, өмір сүру деңгейінің төмендеуіне байланысты қалаға жұмыс іздеп сабылғандар саны да аз емес.

    2022 жылдың соңына таман Сүмбе ауылындағы ауызсу құбырларын жаңадан тарту мен қайта құру жұмыстарына бөлінген 40,0 млн теңгеге салынған бірінші және екінші су жинау бассейндерінің жұмысы аяғына жетпеді. Биылға бөлінген 100 миллион да көп дүниеге жетпесі анық. Ауылдағы ағайынның жанайқайының да жаны бар. «Былтыр құрылыс жұмыстары басталған су жинау бассейндерінің бетондалған табандары қар мен күннің астында тозып, сапасы жойылып кетпей ме? Осыдан соң мердігерден сапалы жұмысты қалай талап етеміз? Ол аздай жылдан-жылға қымбатшылық қысып барады. 2021 жылғы бағамен жасалған жобаның құны не болмақ? Арзан бағадағы құрылғыны қойып жұмысты бітіре ме?» – деп қамығып отырған жайлары бар.

    «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымас», – дейді даналарымыз. Өткен жылы Ават ауылымен қатар басталған Сүмбе ауылының ауызсу жүйесі биыл неге қатар аяқталмайды? Аудан басшылары неге алалайды? Алдағы уақытта қаражат бөлінеді деп алдаусыратады атқамінерлер. Бірақ жарты жылдың артта қалғанын ескерсек, қаражат қашан бөлініп, жұмыс қашан аяқталмақ? Қара суға қол жеткізе алмай, қамығып отырған халықтың ашынған даусын кім тыңдайды? Тіршілік тізбегіне терең үңілсеңіз, бір жұтым судың қаншалықты қадірлі екенін аңғаруға болады. Тәуелсіздік алған 32 жылда жеткен жетістіктерді санамалап біте алмаймыз. Бірақ жетістікті ғана айтып желпініп қана жүрмей, кемшілікке де көз салып, түзетсек абзал. Еліміз дамыған, өркендеген заманда ауызсусыз аңызақ күнде отырған ағайынның жанайқайына назар аударылар деген ниетпен осы мақаланы жазуға мәжбүр болдық.

    Анар Дүйсенбайқызы,
    Ұйғыр ауданы

    Tags: ауызсу мәселесісу құбыры

    Ұсынымдар

    Оқушы қауіпсіздігі – басты назарда

    Оқушы қауіпсіздігі – басты назарда

    1 month ago
    АНАЛАРДЫ ҚАНАТТАНДЫРҒАН ЖОБА

    АНАЛАРДЫ ҚАНАТТАНДЫРҒАН ЖОБА

    6 months ago
    Анық ақпарат vs фейктер: цифрлық дәуірде ақпараттың сенімді екенін қалай анықтауға болады?

    Анық ақпарат vs фейктер: цифрлық дәуірде ақпараттың сенімді екенін қалай анықтауға болады?

    2 years ago
    Алматы облысында бір аптада 995 жаңа жұмыс орны ашылды

    Алматы облысында бір аптада 995 жаңа жұмыс орны ашылды

    4 months ago
    Соғыстың соңғы сарбаздары

    Соғыстың соңғы сарбаздары

    2 weeks ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.