Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / ҚОС ЖҰЛДЫЗ – БІР САХНАДА: ӘН ӨНЕРІНІҢ АСҚАР ТҰЛҒАЛАРЫНА ТАҒЗЫМ

ҚОС ЖҰЛДЫЗ – БІР САХНАДА: ӘН ӨНЕРІНІҢ АСҚАР ТҰЛҒАЛАРЫНА ТАҒЗЫМ

45 қаралым

Қазақ ән өнерінің тарихында есімі ел жадында сақталып, үні ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын дара тұлғалар аз емес. Олардың өнері – уақыттың еншісіне берілмейтін рухани қазына, ұлттық мәдениеттің баға жетпес мұрасы. Алатау қаласының Мәдениет үйі ұжымы осындай өнер көгінде жарқыраған қос жұлдыз – Қазақстанның халық әртісі, опера өнерінің әйгілі өкілі Ермек Серкебаев пен дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Дәнеш Рақышевтың туғанына 100 жыл толуына орай тағылымы терең, мазмұны бай мерекелік концерт берді.
«Қос жұлдыз – бір сахнада» атты мерейтойлық кештің басты мақсаты – қазақ музыка өнерінің қос саңлағының шығармашылық мұрасын ұлықтау, олардың өнер жолын кейінгі буынға таныту және ұлттық ән өнеріне деген құрметті арттыру.
Кеш шымылдығы қазақ әнінің құдіреті мен ұлттық өнердің мәңгілік құндылығы туралы әсерлі жүргізушілер сөзімен ашылды. Әннің халық жүрегіндегі орны, ұлт руханиятындағы маңызы айрықша аталып, қос өнерпаздың шығармашылық жолы мен қазақ мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесі кеңінен дәріптелді.
Концерттің алғашқы бөлімі Ермек Серкебаевтың өнер жолына арналды. Көрермен назарына ұсынылған бейнеролик арқылы әйгілі әншінің өмірі мен шығармашылығына шолу жасалды. Қазақ вокал өнерін әлемдік деңгейге көтерген Ермек Серкебаев – қайталанбас дауысымен, биік орындаушылық мәдениетімен, сахналық шеберлігімен ұлттық өнер тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлға. Оның өнері – кәсіби вокал мектебінің биік үлгісі.
Мерекелік кеш барысында Еркін Мәуленнің орындауындағы «Сағындым сені», «Сағым жылдар», Бағжан Ерғайыптың орындауындағы «Япур-ай», «Аяулым менің арайлым», «Айсара» әндері көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ Роман Майғазиевтің «Арифметикадан басталған өлең», Роман мен Ләләнің «Сүйемін», Ләлә Бақытнұрқызының «Жайлауым бақша жайнаған» әндері кештің көркемдік мазмұнын байыта түсті.
Кештің келесі бөлімі дәстүрлі ән өнерінің дарабозы Дәнеш Рақышевтың шығармашылық мұрасына арналды. Көрерменге ұсынылған бейнероликтен кейін әншінің өмір жолы мен өнердегі өзіндік ерекшелігі баяндалды.
Дәнеш Рақышев – қазақтың дәстүрлі ән өнерінде айрықша орны бар өнер иесі. Оның орындауындағы әндерден халықтық әуеннің табиғи нақышы, Жетісу ән мектебіне тән әуезділік пен кең тыныс айқын сезіледі. Әнді жүрекпен жеткізіп, әрбір сөздің мағынасын тыңдаушының көңіліне ұялата білген өнерпаздың мұрасы – ұлттық руханиятымыздың асыл қазынасы.
Осы бөлімде Ербол Асанәліұлы «Аққулар, қош болыңдар!» әнін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Ғани Жақсылықтың арнауы, Ерлан Даңғылбековтің «Сарыбидай» әні, Ерлан мен Дананың «Куә бол» орындауы кештің мазмұнын аша түсті. Ал «Ағайындылар» тобының орындауындағы «Ағайындар-ай» әні көрермен көңіліне жылылық ұялатып, концерттің әсерлі сәттерінің біріне айналды.
Мерейтойлық кештің қорытындысында «Ағайындылар» тобы «Жан досым» әнін орындап, концертті көтеріңкі көңіл күймен түйіндеді.
Бұл кеш өткенге тағзым, өнерге құрмет, ұрпақтар сабақтастығын жалғаған тағылымды мәдени шара болды. Бірі дәстүрлі әннің шұрайын танытып, халықтық әуеннің бояуын сақтаса, екіншісі қазақ вокал өнерінің көкжиегін кеңейтіп, ұлттық өнерді әлемдік сахнаға танытты. Өнер жолдары бөлек болғанымен, екеуін біріктірген ортақ қасиет – туған халқына деген сүйіспеншілік пен ән өнеріне деген шексіз адалдық.
Уақыт өтеді, ұрпақ алмасады, алайда шынайы өнердің ғұмыры ұзақ. Ермек Серкебаев пен Дәнеш Рақышевтың есімі де, әсем әуезге толы ән мұрасы да халық жадында мәңгі сақталары сөзсіз.

Толқын ОДАШҚЫЗЫ
Алатау қаласы

↑