Қапшағай су қоймасында ашық суда жүзуден «Oceanman Kazakhstan – 2023» халықаралық турнирі мәресіне жетті. Астананың 25 жылдығы құрметіне ұйымдастырылған жарыс 8-9 шілде күндері «Heaven club» демалыс базасында өтті. Бірнеше елден түрлі дәрежедегі спорт шеберлерінің, әуесқойлардың басын қосқан айтулы шара елімізде осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Ең алғаш 2015 жылы Испанияда басталған «Oceanman» жарысы бүгінде 15 мемлекетте тұрақты өтіп келеді.
Жүзуді жаңа бастағандар, әуесқойлар мен кәсіпқой жүзушілер 10 шақырым, 5 шақырым бойынша жарысқа түсті. Жарыстың екінші күні мүмкіндігі шектеулі балалар 800 метр және 1,5 шақырымға жүзді.
«Елімізге мұндай спорт шараларының қажет екеніне көзіміз жетті. Бізде бұған қажетті көрікті орындар, спортты сүйетін адамдар және қызығушылық бар. Ол түрлі елден әр жастағы мыңдаған адамның және әрқилы кәсіп иелерінің басын біріктіреді. Қазақстандықтардың біріншілікке белсенді үлес қосқанына қуанып отырмыз. Қапшағай су қоймасы мұндай ауқымды іс-шараларды өткізуге қолайлы – суы мөлдір, жағажайы таза, халықаралық әуежайға жақын. Қатысушылардың қауіпсіздігіне құтқарушылар мен бірнеше сүңгуір бас-көз болып жүрді, 24 жүзу құралы мен Төтенше жағдайлар министрлігінің 6 үлкен қайығы тартылды», – деді «Oceanman Kazakhstan» турнирінің ұйымдастырушысы Ералы Оспанов.
Биыл жарысқа қатысушылардың саны былтырғыдан біршама артқан. Осының өзі «Oceanman Kazakhstan» халықаралық спорт шарасының елімізде қанатын кеңге жайып келе жатқанын аңғартады. Беделді бәсекеге 7-70 жас аралығындағы 8 жас дәрежесіндегі спортшылар өнер көрсетті.
«Бұл жарысқа алғаш рет былтыр қатыстым. Биыл мұндай жарыстың басқа елдерде өткен үш кезеңіне қатысып, барлығында жеңіске жеттім. Әрине, дайындалмаған қатысушыға 5 немесе 10 шақырым қашықтыққа тоқтамастан жүзу қиын болады. Бірақ мен ашық суда жүзуден Қазақстан чемпионы әрі рекордсменімін. Бүгінде жаттықтырушы болып жұмыс істеймін және бүгінгі жарысқа бағын сынасын деп шәкірттерімді алып келдім», – деді 20-29 жас санаты бойынша 5 шақырымға жүзуден жеңіске жеткен Ришат Рачапов.
Барлық қиындықтарға қарамастан, жарысқа 20 елден 1400 адам қатысуға ниет білдірді. Oceanmen жарыстарына бұған дейін осынша адам қатыспаған. Қатысушылардың көбі – қазақстандықтар. Биыл қазақстандықтар жарыстың алғашқы күні-ақ 13 алтын медаль иеленді. Әйелдер арасында ашық суда жүзуден Қазақстанның спорт шебері, Орта Азия ойындарының күміс жүлдегері Ирина Лазарева абсолютті есепте жеңімпаз атанды.