Қоғамда нашақорлықтың алдын алу, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру және салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау мақсатында Ұйғыр ауданы жастарының ұйымдастыруымен аудан орталығы Шонжы ауылында «Ойлан: Нашақорлыққа жол жоқ» атты ақпараттық-профилактикалық акция өтті.
Акция барысында ұйымдастырушылар орталық көшелерде ауыл тұрғындарымен кездесіп, есірткінің адам ағзасына, психологиялық жағдайына, отбасы берекесіне және қоғам қауіпсіздігіне тигізетін кері әсері туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, тұрғындарға нашақорлықтың алдын алу жолдары, зиянды әдеттерден сақтану және салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығы қамтылған ақпараттық жадынамалар мен буклеттер таратылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың есірткінің зияны туралы хабардарлығын арттыру, жастарды зиянды әдеттерден сақтандыру, қоғамда нашақорлыққа қарсы ортақ көзқарас қалыптастыру және әрбір азаматтың өз денсаулығы мен айналасындағылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауына ықпал ету. Ұйымдастырушылар мұндай алдын алу шараларының қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтіп, кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу ең алдымен ақпараттандыру мен түсіндіру жұмыстарынан басталатынын жеткізді.
Акция ауыл тұрғындарының белсенді қатысуымен өтіп, көпшілік тарапынан қолдау тапты. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пайдалы мәліметтермен танысты. Осындай профилактикалық іс-шаралар халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыруға және есірткісіз, қауіпсіз қоғам құруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады.
Салауатты ұрпақ – елдің жарқын болашағы. Сондықтан нашақорлықтың алдын алу бағытындағы мұндай түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын тауып, қоғамның барлық өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдыруға өз үлесін қоса береді.
Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ


