Бүгін қадірменді оқырмандарымыз «Алатау арайының» 100-санын оқып отыр. Жылға жуық уақыт ішінде «Осындай газет бар екен ғой», «Алматы облысының жаңадан «Алатау арайы» деген газеті ашылыпты», – деп пошта бөлімшелеріне барып, біздің газетке жазылған жанашырларымыздың қолына жүз нөмір тигізіппіз.
Өкінішке қарай, орталығы Қонаев қаласына орнығып, Алматы облысы жеке шаңырақ көтеріп жатқалы жылдан аса уақыт өтсе де, осы облыстың жаңа басылымының жарық көргенінен мүлде хабары жоқ сауатсыз тұрғындар баршылық. «Алатау арайынанбыз» десек, «сондай газет бар ма еді?» деп таңырқай қарайтын міскіндерге мүсіркей қарауға біз де үйрендік, қалай болғанда да газет атын естімегендер әлі азаяр емес. Бұған, әрине, бас салып әлеуметтік желіні кінәлі санасақ та, басты кінә өзіміздің тобырлық енжарлығымызда екені даусыз.
Ресми статистика деректері облыс аумағында бір жарым млн тұрғын бар дейді. Осыншама халықтың 1 ғана пайызы облыстық газетті қолына алар болса, жазылушылар саны 15 мыңды маңайлар еді-ау деп армандаймыз кейде. Осы бір пайызға да қол жеткізе алмай отырмыз.
Екінші жартыжылдыққа жазылу көрсеткіші көңілімізді күрт түсіргенін несін жасырайық! Таудай-таудай уәде берген Еңбекшіқазақ, Талғар, Ұйғыр, Кеген, Нарынқол аудандары мен Қонаев қаласының әкімдері алдында біз ұяламыз ба, әлде олардың өздері иә болмаса идеология саласына жауап беретін орынбасарлары ыңғайсызданар ма екен? Сірә, «мұндай шараға біз міндетті емеспіз» деп санайтын олардың алдында біз төменшіктейтін шығармыз. Себебі күллі идеология саласын бетімен жіберген тоғышар шенеуніктер армиясын қалыптастыруға белгілі бір мөлшерде журналистер қауымы да үлес қосты емес пе!
Десек те, қара аспанды суға алдыра бермей бүгінге дейін бір қауым оқырмандар шоғырын қалыптастыра алғанымызға шүкіршілік айтамыз. Келер жылы бұл қатардың еселенетініне де сеніміміз кәміл. Себебі жазғандары жалпы оқырман ғана емес, дуалы ауыз дүрдей ғалымдарды да жалт қарататын авторлар легі толассыз толығуда. Халық пен билік арасында алтын көпір бола алатын тілшілер қауымының да қалам қайраты нағыз қуатында!
Қысқасы, «Біз – «Алатау арайынанбыз!» – деп кез келген ортада кеудемізді биік ұстап, уақыт сөзін айтуға біз дайынбыз. Осы жолда сіздер де бізге бек демеуші болады деп сенім артамыз, қадірлі оқырман!
Кәдірбек Құныпияұлы,
«Алатау арайы» газетінің бас редакторы