Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов суға кеткен балаларды құтқарамын деп қаза тапқан Алматы облысының тұрғыны Рауан Бірқұрмановтың шаңырағына арнайы барып, марқұмның отбасына медаль табыс етті. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
Қайғылы жағдай 7 шілдеде болған. Рауан Бірқұрманов отбасымен Қарасай ауданы Исаево ауылының маңындағы тоғанға барған. Осы уақытта 10-12 жастағы балалар ата-аналарының қарауынсыз суда шомылып жүреді. Кенет ол тоғанға түскен балалардың батып бара жатқанын байқап қалады. Рауан ойланбастан суға секіріп, екі баланы аман-есен алып шығады. Тағы екеуін құтқаруға ұмтылады. Бірақ Рауан сол кеткеннен мол кетеді.
«2023 жылдың 10 тамызында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Алматы қаласына жұмыс сапары кезінде Рауан Бірқұрмановтың отбасымен кездесіп, қайтыс болғаннан кейін балалардың өмірін құтқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалімен марапаттады», – делінген ТЖМ баспасөз қызметінің хабарламасында.