Елімізде алдағы жылдардан бастап педагог-кітапханашы мамандары дайындалуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова «Аманат» партиясында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
Баспасөз мәжілісінде еліміздегі кітапхана саласының жай-күйі, оны дамыту мәселелері сөз болды.
«Кітапханашылардың жалақысын өсірумен қатар аталған мамандыққа жаңа мазмұн беру керек деп ойлаймыз. Кітапханашы тек кітап қорын түгендеп, оны оқырманға тауып беретін адам ғана емес, жан-жақты болуы керек. Мысалы, кітап іздеп келген балалар мен жастарға бағыт бағдар бере алуы тиіс. Сонымен қатар IT мамандарды да кітапхана саласына тарту маңызды», – деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.
Оның айтуынша, отандық кітапхана саласына мемлекеттің қолдауы қажет.
«Елімізде алдағы уақытта кітапханашы мамандығына тапшылық туындайтынын ескере отырып, біз грантты 30%-ға арттыруды сұрадық. Бұл мәселе биылғы оқу жылында шешілді. Талдау нәтижесі көрсеткедей, алдағы 3 жылда 6 200 кітапханашы тапшы болмақ. Келесі мәселе – кітапханашы-педагог немесе педагог-кітапханашы деген мамандық ашу. Бұған қатысты министрліктен қарастырып жатырмыз деген жауап келді», – дейді депутат.
Сондай-ақ брифингте кітапханашы мамандығына бөлінетін мемлекеттік гранттардың толық игерілмей қалатыны айтылды.
«Бүгінде елімізде 120 жоғары оқу орны бар. Оның ішінде 14-і – әскери және арнайы оқу орындары. Кітапханашы-педагог мамандығы бойынша реестрден өткіздік. Аталған жаңашылдықты биылдан бастап жүзеге асырайын деп отармыз. Кітапханашы мамандығына биыл бакалавриатқа 100 грант, ал магистратураға 20 және докторантураға 3 грант бөлінді», – деді Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары біліммен кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Баным Нарбекова.
ҚазАқпарат