Алматыдағы «Алтын Орда» базарында тексеру жүргізіліп, бірқатар заң бұзу фактілері анықталды. Бұл туралы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ресми ақпарат бойынша, Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті маусым айында Алматының шетіндегі «Алтын Орда» базарын қарайтын «ALTYN ORDA NEW COMPANY» ЖШС-де хронометраждық зерттеу жүргізген.
Тексеру барысында «ALTYN ORDA NEW COMPANY» ЖШС-де бақылау-касса машиналарын қолданбай ақшалай есеп айырысып келген қосымша нүктелер анықталған. Базарға кіреберіс қақпада және бухгалтерияда тиісті касса аппаратары болмаған. Тексеру нәтижелері бойынша қосымша 4 бақылау-касса машинасы тіркелді.
Нәтижесінде ЖШС 2022 жылдың 4 тоқсанына 530,4 млн теңгенің кірісін көрсете отырып, қосымша салық есептілігін тапсырды. Қосымша есептелген қосылған құн салығы – 63,6 млн. тг., корпоративті табыс салығы – 106,0 млн.тг. Өсімпұлды есептемегенде хронометраждық тексеру нәтижелері бойынша бюджетке барлығы 169,6 млн. теңге түсті.
Бүгінгі таңда «Алтын Орда» сауда базарында түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде 742 жеке кәсіпкер салық төлеуші ретінде тіркеліп, бақылау-касса машиналарын орнатқан.
Одан бөлек, комитет Алматы облысы бойынша Полиция департаментінің қызметкерлерімен бірлесіп, «Алтын орда» базарында салық органдарында тіркелмей кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғаларды анықтау мақсатында тексеру жүргізген. Рейд барысында 12 жеке тұлға анықталып, материалдары сотқа жолданды.