Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданындағы бірқатар нысанды аралады.
Өңір басшысы ең алдымен 1500 орынды мектепке арнайы барды. Бүгінгі таңда оқу ордасының құрылыс жұмыстары аяқталған. Мердігер мекеме «BI Global» ЖШС өкілдері жаңа оқу жылында мектеп пайдалануға берілетінін айтты. Ғимаратты аралап, асхана, спорт залы мен басқа да пәндерге арналған кабинеттерге кіріп-шыққан Марат Елеусізұлы құрылыс сапасына риза болды.
Заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген мектепте балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Кең дәліз, жайлы асхана, жабдықталған кабинеттер, заманауи спорт залы – барлығы балалар үшін сақадай-сай тұр. Білім бөлімі басшысының айтуынша, мектеп пайдалануға берілсе, Есік қаласындағы үш ауысымда білім беретін мектептердің мәселесі толығымен шешіледі.
Алматы облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен салынып жатқан білім ордасының құрылысына 5 млрд 700 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Бүгінде тұрғындар тарапынан «Түрген топтың су құбыры» кәсіпорнын «Есік су» мекемесінің теңгеріміне өткізіп беру мәселесі жиі көтерілуде.
Облыс басшысы аудан әкімінің орынбасары Әділжан Смағұловқа жекеменшік су құбырларын «Есік су» кәсіпорнының теңгеріміне алу үшін тиісті жұмыстарды атқару жайында тапсырма берді.
Облыс басшысы бірнеше жылдан бері дау туғызған Түргендегі тұрмыстық қатты заттарды тастайтын алаңға да атбасын бұрды. Аумағы 10 гектарға жуық заңсыз қоқыс төгетін алаң ауылдық округтен 1 шақырым қашықта орналасқан. Округ әкімдігі үйінді 90-жылдардың басында пайда болғанын айтады. Ол кезде ауданда заңды қоқыс полигоны болмапты. Түрген тұрғындары тұрмыстық қалдықтарды осында әкеп төгіп, аумақтың көлемі ұлғайып кеткен.
Биыл қоқыс алаңын ретке келтіру үшін бюджеттен 7,2 млн теңге қарастырылыпты. Сөйтіп, мердігер мекеме «АРСЛТД» ЖШС жобалық-сметалық құжаттар әзірлей бастаған. Алайда облыстық экология департаментінің талаптарына сай қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын орын санитарлық қорғау аймағына жақын орналасқандықтан, қазірге құжат әзірлеу жұмысы уақытша тоқтаған. Заңсыз қоқыс алаңын көрген облыс әкімі жаупты сала өкілдеріне мәселені түбегейлі шешу туралы міндет жүктеді.
Түргендіктерді толғандырған екінші мәселе «ЦЕНТРАЛ АЗИЯ ФУ ДЖОУ МЕТАЛЛ» ЖШС-не қарасты арматура шығаратын зауытты елдімекен аумағынан көшіру болатын. Кәсіпорын 2016 жылдан бері жергілікті кәсіпкерге тиесілі жер телімінде өз өндірісін жүргізіп келеді. Облыс басшысы бұл мәселені де назардан тыс қалдырмады. Зауыт өкілдері Марат Елеусізұлына өндіріс көлемін ұлғайтып, 250 адамды тұрақты жұмыспен қамтуға ниетті екендіктерін, алайда электр қуатынан таршылық көріп жатқандарын жеткізді. Өз сөзінде облысы әкімі аталған кәсіпорын Шелек өңіріндегі жаңа инновациялық аймаққа көшірілсе, жеткілікті электр қуатымен қамтылатынын айтты.
Сонымен қоса Марат Сұлтанғазиев кәсіпорын өкілдеріне сапаға бас мән беру керектігін ескертті.
Мемлекеттің қолдауына ие болған шаруашылықтың бірі – «FROSCO» ЖШС. Бұл мекеме Аграрлық несие корпорациясы арқылы 2,1 млрд теңге несие алып, көкөніс пен жеміс-жидектерді өңдеп, кейін дайын өнімді тоңазытатын кешен салды. Шаруашылық басшысы Ерік Мұсағұлов мұндай кешен елімізде бұрын-соңды болмағанын айтты.
«Бұл жобаны 2018 жылы қолға алдық. Бұл жерде, ең маңыздысы, тоңазытқыш жабдықтарын орнату, қазір сол жұмысты атқарудамыз. Ондағы температура 25 градус болады.Автоматты жүйе толық ісқа қосылғаннан кейін көкөніс пен жидектерді мұзадатын боламыз. Өнімділігі сағатына үш тоннаға дейін жетеді, яғни бір айда 800-1000 тоннаға дейін өнім өңдей аламыз», – деді Е. Мұсағұлов.
Серіктестік басшысы өз өнімімен таныстырып, толыққанды жұмыс істеу үшін облыс әкіміне газ мәселесін шешіп беруге көмек көрсетуді өтінді. Облыс әкімі бұл мәселеніің жуық арада оң шешімін табуына өзі ықпал ететіндігін айтты.
Ерзат Асыл