Нарынқолда тұратын жас кәсіпкер Ұлбосын Құрманбай қолөнер бұйымдарын сататын дүкен мен шағын кинотеатр ашты.
Мемлекеттің қайтарымсыз грантын ұтып алған кәсіпкер ең алдымен тігін шеберханасын ашады. Сонымен қатар, арнайы лазерлі станокпен ағашты күйдіру арқылы күнделікті тұрмысқа қажетті заттар жасауды да қолға алған.
Міне, енді өз бұйымдарын сататын дүкенге қол жеткізді. Оның бір бөлмесін шағын кинотеатрға айналдырды. Мұнда заманауи кинолар мен мультфильмдер көрсетіледі. Бағасы да қолжетімді. 5 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін.
Игі істің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Сағатбекұлы, «Атамекен» ҰКП Райымбек аудандық филиалының директоры Гүлназ Тоқмолдаева қатысып, кәсіпкерге толайым табыс тіледі.
Ұлбосын Қанағатқызы ауданға байланысты шаралардан ешқашан тыс қалмайды. Өткен жылы Талдықорғанда ұйымдастырылған облыстық әйелдер форумына, Астанадағы “Наурыз базары” шығыс жәрмеңкесіне қатысып, Алғыс хаттармен марапатталды. Аудандағы туристік демалыс орындарына естелік сыйлықтар жасауға да тапсырыс алды.
Дастан ЖАҢАСЫЛ
Райымбек ауданы