Ұйғыр ауданындағы «Alma park» демалыс кешенінде республикалық зияткерлік ойын өтті. Шараны Алматы облыстық ішкі саясат басқармасы мен “Қоғамдық даму орталығы” ұйымдастырды.
Турнирдің іріктеу кезеңі мен жартылай финалға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 20-ға жуық команда қатысып, 7 кезең бойынша бақ сынасты. Олардың ішінде Түркістан, Жетісу, Алматы, Жамбыл облыстарының, Шымкент, Алматы қалаларының тұрғындары бар.
Екі күнге созылған ойында командалардың әрқайсысы білімін сынады. Оларға ел тарихы, жер-су аттары, мәдениет пен руханиятқа қатысты танымдық, тарихи сұрақтар қойылды.
Түркістан, Жетісу, Алматы, Жамбыл облыстары және Шымкент, Алматы қалаларынан білімділер бас қосқан зияткерлік ойын қызықты да тартысты өтті.
Финалға 8 команда өтіп, өзара бақ сынасты. Жарыс қорытындысында жүлделі І-орынды Алматы қаласының «Роза Бағланова» командасы, ІІ-орынды Алматы облысының «Друзьдің друзьялары» командасы, ІІІ-орынды Алматы қаласының «Brain art» командасы иеленді. Жеңімпаз командаларға ақшалай сертификаттар табыс етілді. Ал финалға өткен басқа командалар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Республикалық бұл шара қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту, зияткерлікті дамыту, ғылымға деген қызығушылықты дамыту мақсатында ұйымдастырылған.