Райымбек ауданында жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен балалардың жағдайы тұрақты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лейла Серікбаева мәлімдеді.
Естеріңізге сала кетейік, 21 қыркүйек күні Райымбек ауданында жол-көлік оқиғасынан алты оқушы Нарынқолдағы аудандық ауруханаға жеткізілген. Ауруханаға түскеннен бастап облыс әкімінің және денсаулық сақтау басқармасының бақылауында болды. Дәрігерлер шұғыл түрде консилиум өткізіп, нақты емдеу шараларын жүргізді. Артынша, балалардың хәлі бір қалыпқа келгеннен кейін облыстық ауруханаға жеткізілді.
Спикердің айтуынша, бүгінде облыстық ауруханада балалардың 1-еуі жансақтау бөлімінде жатса, 4-еуі травмотология бөлімінде ем қабылдап жатыр. Қазіргі таңда науқастардың беті бері қараған.
«Балалардың алған жарақаты ауыр болды. Аяқ-қол сүйектері сынған. Аудандық аурухана дәрігерлерінің арқасында алғашқы көмек көрсетіліп, науқастар біртіндеп облыстық ауруханаға жеткізілді. Ота жасалып, аяқ-қол сүйектері қалпына келтірілді. Емдеу шаралары толықтай жүргізілуде. Ата-аналармен де тығыз байланыстамыз. Алдағы уақытта аман-сау үйлеріне шығарылады деген үміттеміз», – дейді Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасының директорының орынбасары Асқар Қалиев.
Лейла Серікбаеваның айтуынша, облыста 150 жедел-жәрдем көлігі сатып алынған, барлығы қажетті медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ал тозығы жеткен ғимаратқа келер жылдың басынан күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтып, жедел-жәрдем көліктері мен аудандық медициналық нысанның жағдайына қатысты түсініктеме беріп өтті. «Нарынқолдағы аудандық ауруханаға 2024 жылдың қаңтар айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Сонымен қатар республикалық бюджеттен 250 келушіге арналған емхана құрылысы жүргізілуде. Нысан келер жылы наурыз айында қолданысқа беріледі», – деді спикер.
Гүлзат Байқонысова