Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында жүргізуші куәлігін алу үшін теориялық емтихан тапсырудың жаңа ережелері енгізілді. Енді емтихан қабылдаудағы ұйымдастырушылық-технологиялық үдерістерін Мемлекеттік корпорация жүзеге асырады. Бұрын мұны аутсорсингтік компаниялар жасайтын еді.
Бұл жаңашылдық «Азаматтарға арналған үкіметтің» мамандандырылған ХҚО-ларда клиенттердің сапасыз қызмет көрсету туралы жиі шағымдана бастауымен байланысты енгізіліп отыр. Осылайша, тестілеудің сапасы ғана емес, қауіпсіздігі де артады.
Бұрын теориялық тестілеу Жол қозғалысы ережелерінің 2.0 жүйесі арқылы жүргізіліп келген еді. 16 қазаннан бастап Мемлекеттік корпорация жол қозғалысы ережесінің жаңа 3.0 жүйесіне көшті. Оның арқасында жүргізуші куәлігін алу процесі ашық әрі әділ өте бастады.
Теориялық емтиханды тапсыру кезінде тестілеу барысы аудио және бейнежазбаға түсіріле бастағанын айта кеткен жөн. Биометриялық жеке сәйкестендіру жүргізуші куәлігін алуға емтихан қабылдау қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес те жүргізіледі.
Сонымен қатар, Мемлекеттік корпорация бұған дейін емтихан қабылдау бөлмелеріне бейнебақылау енгізген болатын. Бұл ретте кез келген адам күту залдарында да, онлайн режимінде де өтіп жатқан емтиханды көре алады. Көмекші құрал-жабдықтарды пайдаланғаны әшкере болып, 3 айға емтихан тапсыру құқығынан айырылған азаматтар да бар.
Еске сала кетсек, емтиханнан өтпеген жағдайда келесі жұмыс күні теорияны қайта тапсыруға болады. Егер үміткер екі ретте де емтиханнан өте алмай қалса, одан кейін тек бір ай өткеннен соң ғана тапсыра алады.