Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапарымен Райымбек ауданында болды. Елдің шетінде орналасқан ауданның тыныс-тіршілігімен танысып, ел-жұрттың хал-жағдайын білді. Шаруа қожалықтарын аралап, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын көрді. Сапар аясында Қарасаз ауылындағы Еркін Ібітанов атындағы Мәдениет үйінде аудан халқымен кездесті.
Облыс әкімі жұмыс сапарын ауылшаруашылық саласынан бастап, Қарасаз ауылындағы малды асылдандыру және ет бағытындағы «РауанАгро» ЖШС ұжымымен кездесті. Қазіргі таңда Райымбек ауданында төрт түліктің барлық түрін асылдандыру жұмысы қызу жүруде. Бұл тақырып бойынша Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Самат Сатылғанов баяндады.
Облыс басшысы бастаған азаматтардың іссапары Қарасаз ауылындағы Еркін Ібітанов атындағы Мәдениет үйінде жалғасты. М.Сұлтанғазиев бірінші ауылдық округ әкімдерімен, шаруа қожалықтарымен кездесу өткізді. Бұдан кейін облыстық басқарма басшылары аудан тұрғындарына жеке қабылдау жасады. Сондай-ақ ауданның зиялы қауымымен кездесіп, ой-пікір алмасты. Азаматтарға жеке қабылдау өткізіп, мұң-мұқтаждарын тыңдады.
Облыс әкімінің аудан тұрғындарымен кездесуін облыстық мәслихат төрағасы Талғат Байеділов жүргізіп отырды. Жиынға облыстық басқарма басшылары, облыстық, аудандық прокурорлар, ішкі істер органдарының қызметкерлері, аудандық бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, мекеме басшылары мен өңір тұрғындары қатысты. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаевтың 2023 жылдың 9 ай көлемінде атқарылған жұмыстары және алдағы жоспарлары туралы баяндамасы тыңдалды. Әрине, атқарылған жұмыстар аз емес. Алда атқарылатын істер де жеткілікті. Аудан басшысы әр сала бойынша жеке жеке тоқталып, сандарды сөйлетті, аудан көлемінде атқарылған жұмыстар туралы толыққанды айтты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мінбеге көтеріліп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндамасын оқыды. Сөзін өткен Республика күні мерекесімен құттықтаудан бастаған Марат Елеусізұлы Райымбек ауданының негізгі күнкөріс көзі ауылшаруашылығымен тікелей байланысты екенін еске салып, өз баяндамасында осы салаға басымдық берді. Сонымен қатар: «Сұлу табиғаты бар ауданымызда туризмді дамытуымыз керек», – деді. Көптен бері аудан тұрғындарының көкейінде жүрген жол мәселесі туралы да айтылды. «Кеген – Нарынқол тас жолының 2024 жылы 15 шақырымы, яғни, Нарынқол –Текес ауылдарының арасы жасалады, қалған Текес – Кеген ауылдарының арасы 2025 жылға жоспарланып отыр», – деді облыс әкімі. Ауданнан Қытай елімен қарым-қатынас жасайтын шекара бекеті ашылатынын да тілге тиек етті. Атқарылған жұмыстар мен келер күннің еншісіндегі жоспарларын да ортаға салды.
Облыс басшысы күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Бірінші кезекте аудан тұрғындарының тарапынан әдеттегідей жол жағдайы көтерілді. Нарынқол – Кеген тас жолының қолдан келгенше жылдамырақ жасалуына көмектесуін сұрады.
Райымбек аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балжан Омарова Нарынқол ауылындағы орталық саябаққа келесі жылы 100 жылдығы өтетін Бердібек Соқпақбаевтың ескерткішін қоюды сұрады. Орынды көтерілген мәселені облыс басшысы қолдай келе, алдағы уақытта жүзеге асатынын айтты. Бұрынғы Нарынқол оқу-өндірістік комбинаты, қазіргі шығармашылық орталық болып құрылған білім ордасының директоры Мағауия Уәлибаев оқу ғимаратының ескіріп тұрғанын, жөндеу жұмыстарына да жарамайтынын жеткізіп, жаңа білім ошағын салып беруге көмектесуін сұрады. Бұл мәселе де алдағы уақыттың еншісінде өз шешімін табатыны сөз болды. Көдек Байшығанұлы атындағы орта мектептің де тозығы жетіп тұрғанына тоқталған тұрғындар күрделі жөндеу жүргізіп берсеңіздер деген өтінішін білдірді. Райымбек аудандық Баққожа Мұқай атындағы Мәдениет үйінің директоры Медет Байжұма сөз кезегін алып, Тегістік, Сарыжаз, Шалкөде ауылдарындағы Мәдениет үйлері жарамсыз екенін айта келе, осы мәселені шешіп беруін алға тартты. Тұрғындар тарапынан ауызсу, медициналық автокөлік, жол, тағы басқа мәселелер көтерілді. Қойылған сұрақтарға тиісті мамандар жауап берді. Тұрғындар ойларын да ортаға салды, өз пікірлерімен бөлісті. Жиынның соңында облыс басшысы қорытынды сөз айтып, кездесу ауыл ақсақалының ақ батасымен түйінделді.
Мәдениет үйінен шыққан облыс басшысы бастаған топ Қарасаз ауылында салынып жатқан өнер мектебінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Құрылысты жүргізіп отырған мердігер «CП NEFT» ЖШС-ның учаске басшысы Бағлан Әлімқожа жалпы құрылыс жұмыстары туралы баяндады. «Болашақ балалардың оқитын ғимараты бірінші кезекте сапалы болуы керек, осыған көп көңіл бөліңіздер», – деді Марат Елеусізұлы. Бұдан кейін «Qarasaz Food» сүт зауытының жұмыстарын көрді. Зауыттың өндірген сүт, айран, құрт сынды өнімдерін көріп, жұмыс барысымен танысты. Қазіргі уақытта тәулігіне орташа есеппен 10 тонна сүт жинап, өңдеп отырған зауыттың жұмысы қарқынды. Алдағы уақытта бұл көлемді ұлғайту жоспарда бар.
Қарасаз ауылынан шыққан көпшілік Сүмбе ауылына ат басын бұрды. Республика күніне орай Сүмбе ауылынан су жаңа спорт кешені ашылды. Облыс басшысы бастаған топ ауыл халқының қуанышын бөлісіп, спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысты. Салтанатты шараға арнайы келген құрметті қонақтар таныстырылды. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыстық мәслихат төрағасы Талғат Байеділов, қара күшімен әлемді таң қалдырып жүрген, «Темір адам» атанған жерлесіміз Тимур Сыпатаев, спорт кешенінің құрылыс жұмыстарын жүргізген «Гун Строй сервис» ЖШС басшысы Сәбит Қамимолдаев, ауыл ақсақалы Бірлік Әбілқайыровтар құттықтау сөз сөйлеп, ғимараттың лентасын қиды. Ауыл халқы мәре-сәре болып, әжелер қазақы салт-дәстүр бойынша шашу шашты. Заман талабына сай салынған, екі қабатты спорт кешеннің ішінде жаттығуға бар жағдай жасалған. Күрес, бокс залдары, воллейбол, баскетбол, футбол алаңдарымен қамтылған. Ғимараттың ашылуына арнайы келген құрметті қонақтарға ризашылығын білдірген ауыл халқының қуанышы еселене түсті. Лайым осындай қуанышты күнде басқосуды нәсіп етсін деген көпшілік ризашылықпен тарқасты.
Дастан Жаңасыл,
Райымбек ауданы