Алматы облысында «Тарифті инвестицияға алмастыру» бағдарламасын іске асыру бойынша су құбыры, кәріз, жылу желілері мен электр жабдықтары жаңартылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті басшысының орынбасары Гүлмира Утегенова мен Алматы облысы энергетика және тұрғынүй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Руслан Утельбаев айтты.
Департамент инвестициялық бағдарламалар мен тарифтерді қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін өзгерту бойынша 4 табиғи монополия субъектісінің өтінімдерін өзгертті. Мәселен, 2023 жылға арналған «Конаев су арнасы» МКК бойынша қосымша инвестициялар 612,6 млн теңгені құрайды.
«Табиғи монополиялар субъектілерінің 2023-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаларына өзгерістер енгізілді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша өңірде желілердің тозу көрсеткіші орта есеппен 13 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Қаңтарда есептеу бойынша, жылу желілерінің 40 пайызы, су құбырының 80 пайызы, кәріз желілерінің 85 пайызы тозған», – дейді Гүлмира Утегенова.
Сондай-ақ, бағдарлама аясында тариф құнымен бірге коммуналдық сала қызметкерлерінің жалақысы да ұлғайтылатыны айтылды.
«Инвестицияларды тарифке айырбастау бағдарламасын іске асыру үшін инвесторларды тарту жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр. Аталған бағдарлама инвесторлар арасында қызығушылық тудырып отыр. Келесі жылы 9 ауылдың электр желілерін қайта құру бойынша мемлекеттік-жекешелік серіктестік бағдарламасы арқылы жобаны іске асыру жоспарланған. Тариф шамамен 10 тиынға қымбаттайды», – дейді Руслан Утельбаев.