Кегендегі №559 сайлау учаскесінде азаматтар өз таңдауын жасап, мәслихат депутаттарының сайлауында белсенділік танытуда.
Аталған учаскелік сайлау комиссияның төрағасы Жазира Дүйсенбайқызының айтуынша, учаскеде заң талаптары толық сақталып, дауыс беру барысы тыныш әрі тәртіппен өтуде. Сондай-ақ мүгедектігі бар сайлаушыларға қолайлы жағдай жасалған. Үйден дауыс беруге өтініш қалдырған азаматтар үшін тасымалданатын сайлау жәшігі де дайын тұр.
Өз таңдауларын жасаған Кеген ауданы әкімінің орынбасары Медет Исаев пен Кеген ауылдық округінің әкімі Ернат Ысқақ сөз алып, баршаны дауыс беруге шақырды. Кеген ауылының тұрғыны Торғын Құнанбай сайлауға алғаш рет қатысып, анасымен бірге өз таңдауын жасады.
– Дауыс беру жоғары деңгейде өтуде. Сайлаушылар белсенділік танытып жатыр. Ел болашағына бейжай қарамай, азаматтық ұстанымымызды білдіру – ортақ міндетіміз, – дейді сайлау комиссияның төрағасы Жазира Дүйсенбайқызы.
Дәурен ӘБУТӘЛІПОВ
Кеген ауданы

