Перейти к содержимому

Батагөй ата бата берді

40 қаралым

Жамбыл ауданының Жамбыл ауылындағы №296 сайлау учаскесінде мәслихаттар сайлауы ақсақалдың ақ батасымен басталды. Мемлекеттік Гимн ойналып, дауыс беру ашылғанда осы ауылдың тұрғыны Әлқожа Мәсенов көпшілікке ақ батасын берді. Аузы дуалы Әлқожа ата – облыстық батагөйлер байқауының жеңімпазы. Ол қашанда жақсылықтың басы-қасынан табылып, игілікті іске ақ батасын беріп жүреді. Бұл жолы да еліміздегі маңызды саяси науқанға жұрттың алдымен келіп, әдемі батасын беріп, өзі бірінші болып таңдауын жасады.
Ақсақал отбасында балаларына үнемі баталы сөзін айтып отыруды дәстүрге айналдырған. Аталы сөзді құлағына құйып өскен оның ұрпағы да өрнекті сөзден кенде емес. Батагөйлер байқауында Әлқожа ата бір немересімен бірге өнер көрсетіп, атасы мен немересі жүлдегер атанған.
«Елдік маңызы бар саяси науқаннан саналы азамат тыс қалмауы керек. Еліміздің ертеңі баянды болуы үшін бұл сайлауда лайықты азаматтар депутат болып сайланса екен деймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Қазақстан өркениет көшінен қалмай дамысын!» – дейді Әлқожа Мәсенов.
Аталған сайлау комиссиясының төрайымы Шынар Келгенбаева ақсақалдың белсенділігіне ризашылық білдіріп, оған «Абайдың қара сөздері» кітабын тарту етті. Жамбыл ауылындағы №296 сайлау учаскесінде 2324 сайлаушы тіркелген. Комиссия хатшысы Айгүл Сағиева келушілер белсенділігі жоғары екенін айтты.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы

↑