Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Спорттағы жетістіктен – азаматтық белсенділікке: Алматы облысының спортшылары мәслихат сайлауында дауыс берді

Спорттағы жетістіктен – азаматтық белсенділікке: Алматы облысының спортшылары мәслихат сайлауында дауыс берді

40 қаралым

Байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген Алматы облысының спортшылары мәслихат сайлауында өз таңдауын жасады. Олардың айтуынша, бұл саладағы жинақылық, жауапкершілік және нақты нәтижеге ұмтылу сияқты дағдылар туған еліміздің тағдыры айқындалар тұста да аса қажет.

Мәселен, Шонжы ауылындағы №923 сайлау учаскесінде бір топ спортшы бірге келіп, дауыс берді.

«Спортта әр басқан қадамың мен оның нәтижесіне жауап бересің. Өмірде де дәл солай. Сондықтан мұндай айтулы сәттен сырт қалуға болмайды»,– деді Ұйғыр ауданы спорт қауымдастығының өкілдері.

Азаматтық міндетін атқарған спортшылардың арасында қазақстандық марафоншы, жеңіл атлетика және шаңғы спортының жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қайраткері Алпыс Ермағамбетов те бар. Ол Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласындағы сайлау учаскесіне жұбайымен бірге келді.

«Сайлау – әрбір азаматтың қоғам өміріне араласып, өз пікірін білдірудің таптырмас мүмкіндігі. Спорт саласында ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан азамат ретінде жастарды белсенділікке, жауапкершілікке және саяси науқаннан қалыс қалмауға шақырамын», – деген 80 жастағы ақсақал өз ісімен жастарға үлгі көрсетті.

Маңызды қоғамдық-саяси науқаннан джиу-джитсудан әлем чемпионы Муслим Арсамақов та шет қалмады.

«Мен үшін спортта жоғары нәтижелерге қол жеткізуден бөлек, жауапты азамат болу да зор маңызға ие. Себебі Қазақстанның болашағы әрқайсымыздың қолымызда. Жастар мемлекетіміздегі маңызды жайттарға етене араласып, қоғамдық үдерістерге белсенді қатысуы керек деп есептеймін», – деді Муслим Арсамақов.

Дауыс беруге келгендердің қатарында ауыр атлетика спортшысы, Қазақстан Республикасының спорт шебері Жантас Тұрмағанбетов, Қазақ күресінен әлем чемпионы, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің бірнеше дүркін жүлдегері Руслан Әбдіразақов, бокстан Азия чемпионатының қола жүлдегері Ертуған Зейнуллинов, дзюдошылар Диана Буркеева мен Арман Мыса және өзге де спортшылар болды.

Осылайша Алматы облысының спорт майталмандары туған елге деген махаббатты жарыс алаңында ғана емес, ел болашағы шешілер айтулы сәтте белсенділік таныту арқылы тағы бір мәрте дәлелдеді.

↑