Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылындағы №262 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы мәслихаттарының сайлауы ойдағыдай өтуде. Сайлау комиссиясының төрайымы Гүлфайруз Бухатованың айтуынша, таңнан бері келушілерде толас жоқ. Мұнда 1339 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде жасы 80-нен асқан 6 қарт, 18 жасқа толған 12 алғашқы сайлаушы бар. Денсаулығына байланысты 7 адам үйлерінен дауыс береді.
Комиссия хатшысы Назгүл Күзембаева азаматтардың белсенділігі жоғары екенін айтты. Өңірге танымал азаматтар да ертелетіп келіп, алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасады. Арасындағы белсенді сайлаушыларға комиссия мүшелері сыйлыққа кітап берді. Аталған сайлау комиссиясы Ұзынағаш ауылының №1 лицейінде орналасқан. Комиссияның 7 мүшесі дауыс беруге келгендерге қалтқысыз қызмет көрсетуде. Саяси науқанның белгіленген заң аясында өтуін қоғамдық бақылаушылар қадағалауда. Атап айтқанда мұнда аудандық әйелдерді қолдау орталығынан Ораз Ұзақов пен «Әділет» партиясынан Ұлжан Құдайберген байқаушы. Олар ешқандай заң бұзушылық байқалмағанын айтты.
Серік Сатыбалдиев
Жамбыл ауданы

