Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ақсақалдың ісі – кейінгіге өнеге

Ақсақалдың ісі – кейінгіге өнеге

36 қаралым

Ел ішіндегі қандай да бір маңызды оқиғада ақсақалдардың орны қашанда бөлек. Айтар ақылымен ғана емес, әрбір ісімен кейінгі буынға өнеге көрсетіп жүрген де осы аға буын өкілдері. Бүгін өтіп жатқан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауында Ұйғыр аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ербол Нұрсейітов Шонжы ауылындағы №927 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.

Ауылдың тыныс-тіршілігін, ағайынның тұрмысын жақсы білетін аға буын өкілдерінің ел өміріндегі өзгерістерге бейжай қарамайтыны белгілі. Өйткені олардың жүріп өткен өмір жолы, жинаған тәжірибесі, көргені мен көңілге түйгені көп. Ауданның қоғамдық өміріне араласып, ел ішіндегі татулық пен бірліктің нығаюына атсалысып жүрген Ербол ағамыздың бүгінгі сайлауға қатысуының да өзіндік мәні бар.

– Мәслихат депутаты – халықтың сөзін сөйлеп, елдің мұң-мұқтажын жеткізетін азамат. Ауылдың жайын, ағайынның тұрмысын білетін, ел алдындағы жауапкершілікті сезінетін азаматтардың халыққа қызмет еткенін қалаймыз. Біздің де бүгінгі таңдауымыз – кейінгі ұрпақтың қамы, – дейді Ербол Нұрсейітов.

Қазақта елдің үлкендері қашанда ағайынға жөн сілтеп, кейінгі буынға жол көрсетіп отырған. Ақсақалдықтың да бір міндеті осы болса керек. Бүгінгі ұрпақтың бойында елге, туған жерге деген жауапкершілікті қалыптастыруда аға буынның көрсеткен өнегесінің орны бөлек. Ол тек жиындарда айтылған аталы сөзбен ғана емес, күнделікті өмірдегі қарапайым істермен де көрініс табады.

Елдің ертеңі жайында сөз қозғағанда, өздерінің де азаматтық міндетін ұмытпайтын осындай ағаларымыздың бары көңіл қуантады. Өйткені үлкеннің өнегесі – кейінгі ұрпақтың өмірлік бағдары.

Анар Дүйсенбайқызы

Ұйғыр ауданы

↑