Перейти к содержимому

Үйде отырып дауыс берді

38 қаралым

Бүгін өтіп жатқан мәслихат депутаттарының сайлауында Шонжы ауылының тұрғыны, 1944 жылы дүниеге келген Мария Кибирова апамыз да өз таңдауын жасады. Бірнеше жылдан бері жүріп-тұруы қиындаған апамыздың сайлау учаскесіне баруға мүмкіндігі болмағандықтан, №929 сайлау учаскесінің комиссия мүшелері шаңырағына арнайы барды.

Жасы сексеннен асқан апамыз осылайша үйінде отырып дауыс берді. Талай жыл ел ішінде ғұмыр кешіп, қоғамдағы небір өзгерістердің куәсі болған қарияның қартайған шағында да ел өміріндегі маңызды оқиғадан шет қалмағаны көңіл сүйсінтеді.

– Жасымыз келсе де елдің жағдайын ойлап, жаңалықтарын естіп отырамыз ғой. Үйіме арнайы келіп, дауыс беруіме мүмкіндік жасағандарына рақмет. Еліміз аман, балаларымыздың болашағы жарқын болсын, – дейді Мария апамыз.

Сайлау күні комиссия мүшелерінің үйлерге арнайы баруы – денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын жандар үшін үлкен қолайлылық. Қарияларымыздың да қоғам өміріне араласып, өз таңдауын жасауына мүмкіндік туғызылғаны көңіл қуантады. Өйткені елдің бүгінгі тыныс-тіршілігі, ертеңгі жағдайы ақ жаулықты аналарымызды да, ақ сақалды аталарымызды да бейжай қалдырмайды. Мария апамыздың бүгінгі сайлауға қатысуы да соның бір көрінісі.

Анар ДҮЙСЕНБАЙҚЫЗЫ

↑