Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ұлттық өнерді ұлықтаған шебер өз таңдауын жасады

Ұлттық өнерді ұлықтаған шебер өз таңдауын жасады

34 қаралым

Бүгін Алматы облысы, Іле ауданы, М. Түймебаев ауылындағы №402 сайлау учаскесіне халықаралық қолөнер шебері, «Жан Шуақ» республикалық сыйлығының иегері Жеңісгүл Дүйсенбекқызы Дәулетова келіп, өз таңдауын жасады.

Жеңісгүл Дәулетова – «Атамекен» ҰКП Іле аудандық кеңесінің төрайымы, Алматы облысы шеберлерінің жетекшісі, облыстық салааралық кеңестің мүшесі. Ол сондай-ақ Халықаралық шеберлер одағының мүшесі, I дәрежелі «Мәдениет және өнер үздігі» төсбелгісінің және «Астана патриоты» медалінің иегері.

Ұлттық өнерді кәсіпкерлікпен ұштастырып, отандық қолөнердің дамуына үлес қосып жүрген шебер 2024 жылы мемлекеттік «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалисі атанды. Кәсіпкерлік саласындағы еңбегі үшін «Жан Шуақ» республикалық премиясының иегері атанып, республикалық «Қанатты әйел», «Ұлттық өнім» көрмелері мен халықаралық фестивальдерге тұрақты қатысып келеді.

Жеңісгүл Дүйсенбекқызының өмір жолы – табандылық пен жігердің жарқын үлгісі. І топтағы мүгедектігіне қарамастан, ол Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Кәсіптік және кәсіпкерлік білім» мамандығы бойынша 4-курс студенті атанып, сонымен қатар ұлттық өнердің қыр-сырын шәкірттеріне үйретіп, ұстаздық қызметін де абыроймен атқарып келеді.

Дауыс беру рәсімінен кейін Жеңісгүл Дәулетова азаматтардың сайлау үдерісіне белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті.

«Әрбір азаматтың белсенділігі мен таңдауы – еліміздің ертеңгі дамуы мен өркендеуінің кепілі. Өз болашағына жауапкершілікпен қарап, азаматтық парызын орындау – әрқайсымыздың міндетіміз», – деді Жеңісгүл Дәулетова.

№402 сайлау учаскесінде дауыс беру үдерісі белгіленген заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың дауыс беруіне де барлық қажетті жағдай жасалған.

↑