Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңір тұрғындарын келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Облыс басшысы құттықтауында тарих қойнауына еніп бара жатқан 2023 жылы қол жеткен жетістіктерді атап, олардың келесі жылы да жалғасын табатынына сенім білдірді.
“Келіп жеткен 2024 – Жаңа жылымыз құтты болсын!
«Өткен жылға өкпе жоқ» деген дана халқымыздың сөзі бар. Осы орайда, өткен жылға ой оралтсақ, облысымыздағы ең алдымен ішкі саяси тұрақтылықтың маңыздылығына негіз болған бірталай жұмыс атқарылды.
Атап айтсақ, Өңірдің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданып, Қонаев қаласының Бас жоспары бекітілді. Қыркүйек айында өңірге жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев келіп, барлық жобалармен танысып, оң бағасын берді. Президенттің тапсырмаларын орындау бойынша индустриялық аймақтардың инфрқұрылымдарын қаржыландыру пысықталды.
Әлеуметтік-экономикалық бағыттағы салалар бойынша жеткен жетістіктерді сіздермен әркез бөлісіп отырдық. Жалпы алғанда, өңірдің тыныс-тіршілігі баспасөз беттерінде, заманауи ақпарат кеңістіктерінде кеңінен жариялануда. Өткен жылды барлық салалар бойынша үздік нәтижелермен қорытындыладық. Өйткені, оған облыс халқы мен тұрғындардың еңбегі мен қосқан үлесі зор болды, мен оны аса құрметпен ерекше атап өткім келеді.
Ал енді осы келген жаңа күнтізбелік Ұлу жылына да артар жүгіміз аз емес. Байыппен қарап, байсалды жүре отырып, облысымыздың одан әрі өркен жаюына бар күш-жігерімізді саламыз.
Жаңа жыл – қашанда әр адамның жүрегіне жаңа үміттер мен аппақ армандар ұялататын, ғажайып қиялдарға қол создыратын мерекеміз. Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген мол сенім, нық қадаммен аттағанды қалайды.
Олай болса, ортақ шаңырағымыздың жарқын келешегі үшін еңбектеніп жүрген барша қазақстандықтарымызға бейбіт өмір, тыныштық, мол жақсылық, әр отбасына амандық пен саулық, жанұяларыңыздан құт-береке мен ауызбіршіліктің ажырамауын тілеймін!
Жаңа жыл жарылқасын!” – деген Марат Елеусізұлы құттықтауында.