Алматы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Брифингте мамандар жер сілкінісі кезінде адамдардың ең алдымен қандай сақтық шараларын қолға алу қажеттігіне тоқталды.
Естеріңізге салай кетейік, кеше түнде еліміздің бірқатар аймағында жер сілкінісі тіркелді. Әсіресе, жер асты дүмпуі Алматы қаласы мен Алматы облысында қатты сезілді.
– Төтенше жағдайлар министрлігі «Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы» ЖШС сейсмикалық стансалар желісінің хабарлауынша, 23 қаңтар күні түнгі сағат 00:09-да жер сілкінісі тіркелді. Зілзала эпицентрі Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасы аумағында болды. Алматы қаласында жер сілкінісінің қуаты 5 баллды көрсетті. Сағат 00:42-де тағы да қайталанды. Онда жер сілкінісінің ошағы Алматы қаласынан оңтүстік шығысқа қарай 251 шақырымда, Қырғызстан мен Қытай шекарасы аумағында тіркелді. Қуаты 2 баллға жуықтады. Осылай 20 рет жер сілкінісі тіркелді. Оның 15-і сезілген жоқ, – деді Алматы облысы ТЖД бастығының орынбасары, полковник Данияр Қасымов.
Данияр Болатбекұлының айтуынша, Алматы облысында зілзаладан зардап шеккен адамдар туралы ақпарат түспеген. Десек те, кейбір өңірдегі ғимараттарға залалы тиген. Мәселен, Шонжыдағы аудандық аурухананың екінші қабатындағы қабырғаларда жер сілкінісінің салдарынан жарықтар пайда болған. Осындай жағдай Еңбекшіқазақ, Талғар, Кеген, Жамбыл және Райымбек ауданындағы мектептерде де болған.
Тұрғындарға «Дәрмен» мобильді қосымшасы, әлеуметтік желі және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы зілзала кезіндегі сақтық шаралары туралы хабарламалар таратылған.
Баспасөз мәслихатында Алматы облысы ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Ерсін Жағыпаров жер сілкінісі кезіндегі іс-қимыл тәртібін түсіндірді.
– Жер сілкінісін сезген сәттен бастап 15-20 секунд ішінде ғимараттан шығуға тырысыңыз. Егер жоғарғы қабатта болсаңыз, кіреберіс есіктің саңылауында тұрыңыз немесе балаларды құшақтап, негізгі қабырғалардың бұрышына отырыңыз. Ешқашан терезенің жанында тұрмаңыз және балконан секірмеңіз. Ғимараттардан, құрылыс алаңдарынан, бағаналардан аулақ болыңыз және қоршауларға жақын тұрмаңыз. Үйге бірден кірмеңіз, жер сілкінісі қайталануы мүмкін. Көп қабатты үйде лифтіні пайдалануға болмайды. Сіріңке, шам жақпаңыз, сымдарды ұстамаңыз, – деді Ерсін Еділханұлы.
Брифингте сондай-ақ, Алматы облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мемлекеттік сәулет құрылыс инспекциясы бөлімінің басшысы Ғабиден Үзенбаев сөз алып, облыста 655 нысанның құрылысы жүріп жатқанын айтты. Құрылыс барысы комиссия бақылауында екенін, жер сілкінісіне байланысты ешқандай арыз-шағым түспегенін мәлімдеді.