Қарасай ауданында каратэ-до киокушинкайдан облыстық жарыс өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған бәсекеге 10 мен 18 жас аралығындағы және ересек каратэшілер қатысып, 33 медаль сарапқа салынды. Тартысты өткен жарыста Қарасай ауданының сайыпқырандары 21 рет жеңіс тұғырына көтеріліп, командалық есепте алдыңғы қатардан көрінді.
Каратэ-до киокушинкай KWF Алматы облыстық федерациясының президенті Ерік Дәулетқалиевтың айтуынша, бүгінде шығыс жекпе-жегі жастар арасында жоғары сұранысқа ие. Сондықтан каратэ секцияларына қатысып шыңдаламын деушілер мен салауатты өмір салтын ұстануға бет бұрғандардың қатары күннен күнге артып келеді. Ал, аталған жарыстар спортшылар мен олардың бапкерлеріне өз шеберліктерін бағамдап, кемшін тұстарын анықтауға, алдағы уақытта олқылықтың орнын толтыру үшін мүмкіндік береді. Шығыс жекпе-жегі адам ағзасының дамуына игі әсерін тигізіп қоймай, жан-дүниесін жаңартуға, бойына ізгілік нәрін себуге ықпал ететінін ескерсек, оның қажеттілігі арта түседі. Осы бағытта өлкемізде бүгіндері оңды қадамдар жасалынып, халықаралық деңгейде таныла бастағанымызды айта кету керек.
Жарыс қорытындысы бойынша 10 және 11 жас аралығындағы жасөспірімдер арасынан Қарасай ауданының спортшылары Вениамин Баркалов, Анзор Гоголадзе, Ерасыл Иманқұл және талғарлық Мирас Мырзағалиевтар шеберліктерін көрсетіп, бірінші жүлдені жеңіп алды. Ал, қыздар арасында қарасайлық Амира Қалибек құрбыларынан басым түсті.
11 – 13 жас аралығында өткен бәсекеде Талғар ауданының спортшылары Ахмет Қадырхан, Виталий Журомский және Мирас Жұрымбай мен қарасайлық Ерасыл Рейпназаров, Евгений Батуров және Эмир Алиевтар өз салмақ дәрежелері бойынша үздік деп танылды. Нәзік жандар арасында жеңіс тұғырына қарасайлық Екатерина Иванова, Амина Айтбай, Даяна Козлова және талғарлық Амина Талғатовалар көтерілді.
14 – 15 жас аралығындағы жасөспірімдер арасынан өз шеберліктерін көрсетіп, өзгелерден басым түскен қарасайлық Руслан Құрманғалиев пен Владислав Кутенко, талғарлық Айбек Айыпсабыр мен Әлім Сафаров және жамбылдық Керей Құттыбайлар жеңіс тұғырына көтерілсе, қыздар арасында Қарасай ауданының спортшылары Жансая Абылайхан мен Жаннұр Охмет, талғарлық Марияна Токмакова үздіктер қатарынан көрінді.
Ал, 16 мен 17 жастағы каратэшілер арасында өткен бәсекеде Талғар ауданынан келген Мадияр Әкімжан мен Джабраил Джабаев және Қарасай ауданынан Әлішер Ескерген мен Ерасыл Бауыржандар алдарына қара салмады. Тиісінш, қыздар арасында қарасайлық Әлия Қабиболла мен Анастасия Мизерных өз салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырына көтеріліп, аудан командасының оза шығуына өз үлестерін қосты.
Жарысқа қатысқан ересектер арасындағы бәсекеде де қарасайлық спортшылар Арон Ескерген, Алексей Кормишкин мен Сабина Раевалар қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, ауданның абыройын арттыра түсті. Жеңімпаздарды жетістіктерімен құттықтап, алдағы уақытта да үздік нәтиже көрсете беруіне тілестеспіз!
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы