Кеген ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен Аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығының алдында ауылшаруашылығы техникаларының және қосалқы жабдықтарының көрмесі өтті. Онда шаруа қожалықтарының назарына «SAPA IRRIGATION SYSTEMS» компаниясының Беларусь-80, 82, 920М тракторлары және шөп дестелеуші 110, дискілі тырмалар, соқа және жаңбырлатып суғару құрылғысы ұсынылылды. Көрмені аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы аралап көріп, техника түрлерімен танысты.
– Құрметті қонақтар! Шаруа қожалықтары, көрші ауданнан келіп жатқан шаруалар! Ауылшаруашылығы техникаларының көрмесін ұйымдастырудағы негізгі мақсаты ауылшаруашылығын дамыту, шаруалардың техникалар үшін, 250 шақырым Алматы қаласына баруға біреудің мүмкіндігі болады, кейбіреуінікі болмайды. Сондықтан, бұл жерде техникаларды өз көздеріңізбен көріп, толық ақпараттар алуға болады. Қандай мүмкіндіктер мен жеңілдіктер бар, соның бәрін таныстыру біздің мақсат. Сол үшін бізге, «БелАгроТех» компаниясының және «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдау қорының өкілдері келіп отыр. Барлық техникаларын алып келді. Мүмкіндіктермен техникалардың қысқаша сипаттамаларын және «ҚазАгроҚаржыдан» қандай жеңілдіктің болатынын өздері түсіндіріп айтады. Бұдан бөлек, бұл жұмыстың бәрін жеңілдету үшін, біз аудан әкімдігімен бірлесе отырып, фронт-офистарды мәдениет үйінің дәлізіне қойдық. Қосымша, сол жерден толық қанды мәліметтер алсаңыздар болады, – деген аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлы ауыл шаруашылығы техникасының арнайы агрегаттары және жаңбырлатып суғару, лизингке сатып алу бойынша жиналған көпшілікке айтып өтіп, жергілікті тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Ауылшаруашылығы техникалары мен агрегаттарын сататын ұйымдар өкілдері аудан шаруаларына өз тауарларының артықшылықтарымен таныстырды. Ауылшаруашылығы саласына инновация енгізу, жаңа технологиялар алудың несиелік жүйесі және субсидия мәселелері бойынша баяндап, шаруа қожалығы иелерімен ой бөлісті, түйткілді мәселелерге жауап берді. Көрме де шаруа қожалықтарының иелері көкейде жүрген сұрақтарына жауап алып, қаржы институттары арқылы жеңілдікпен жаңа техника алудың мүмкіндіктерін білді.Еңбек өнімділігін арттыру үшін жаңа техника мен технологияны қолдану аясында өткен бұл көрменің шалғай ауылдағы шаруаларға берері мол болды.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы