Халық ертегілерінің ұрпақ тәрбиесінде алатын орны ерекше. Ондағы қиял-ғажайыпқа толы оқиғалар өмір шындығымен ұштасып, ерте жастан балалардың танымын тереңдетуге ықпал еткен. Ертегі мен батырлар жыры жас ұрпақтың бойына бауырмалдық қасиет дарытып, елі мен жеріне деген сүйіспеншілік сезімін оятқан. Сондықтан ата-бабаларымыз ауыз әдебиетінің осы бір жанрын үнемі жандандырып отырған.
Бүгін де сол ізгі дәстүр үзілмеуі тиіс. Осыған орай елімізде «Әжемнің ертегісі» жобасы қолға алынуда. Ертегінің мәні мен маңызын бүгінгі ұрпақтың санасына жеткізіп, танымын тереңдетіп, сөздік қорын дамыту мақсатында Іле ауданындағы 15 мектеп пен 6 балабақшада тәрбие сағаты өтті. Мақсаты – ертегі оқу арқылы жас ұрпақты жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақыру, оларды адамгершілікке, имандылыққа тәрбиелеу.
Сондай игі шара Өтеген батыр ауылындағы «Болашақ кемеңгер» балабақшасында да ұйымдастырылды. Энергетический ауылдық округіндегі аналар кеңесінің мүшелері Өрік Саринова мен Күләнипа Әбділда мектепке дейінгі білім беру ұйымына арнайы барып, «Қарлығаш» тобының бүлдіршіндеріне ертегі оқып берді.
Болашақта еліміздің тұтқасын ұстайтын жастар білімді, сауатты болса, бұл – ата-ана үшін де, мемлекет үшін де зор байлық. Аналар кеңесінің мүшелері бүлдіршіндерге ертегі оқумен қатар отбасындағы ұрпақ тәрбиесіне, ажырасудың алдын алуға, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық сынды өзекті мәселелердің оң шешім табуына септігін тигізіп келеді.
Келешек ұрпаққа үлгі болып, жас жеткіншектерді тәрбиелеуде өзіндік мектебін қалыптастырған Аналар кеңесі алдағы уақытта да басқа округтерде игі істерін жалғастырмақ.
Бағдат Шойбас,
Іле ауданы