Жамбыл ауданының Қарасу ауылдық округінде жергілікті әкімдік ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылуына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Арсен Жақыпов, Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас келді.
Аталған округтің орталығы Сарыбай би ауылында болған салтанатты шара сол маңға жақын орналасқан елді мекен тұрғындарының қатысуымен мерекелік көңіл-күйде өтті. Аудандық «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі әртістерінің орындауында ән қалықтап, күй төгілді. Ауыл ақсақалы Самат Рақымбеков бата беріп, облыс пен аудан орталықтарынан келген құрметті қонақтар лебіз білдіріп, нысанның лентасын қиды, ақ жаулықты апалар шашу шашты. Себебі, бұл әкімдік қызметкерлерімен қатар тұрғындардың да көптен күткен қуанышы болатын. Өйткені бұған дейін Қарасу ауылдық округі әкімінің аппараты өз кеңселері болмағандықтан дәрігерлік амбулатория ғимараты мен ескі Мәдениет үйінің бөлмелерінде отырып жұмыс істеген еді. Енді, міне, заманауи үлгіде салынған кең де жарық ғимаратқа орналасуы олардың қызметіне жүгінетін тұрғындарға да қолайлы жағдай туғызып отыр.
«Бауыр құрылыс компаниясы» атты мердігер мекеме салған нысанның құрылыс жұмыстарына 2023-2024 жылдарға бюджеттен 206 миллион теңге қаржы бөлінген. Ғимараттың жалпы аумағы – 395 шаршы метр. Мұндай үлкен көлемде жобалануының себебі, кейінгі бес жылда маңайдағы елді мекендерде халық саны айтарлықтай ұлғайған. Атап айтқанда, округке қарасты Сарыбай би, Еңбекшіарал, Қайназар, Қарасай, Қызылсоқ ауылдарындағы тұрғындар саны 14 мыңға жуықтайды. Осында 5 мектеп, 5 денсаулық сақтау орны, Мәдениет үйі мен кітапхана халыққа қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта мұнда тағы біршама игілікті істер көзделгенін аудан әкімі Нұрлан Ертасұлы тұрғындарға арнаған құттықтау сөзінде атап өтті.
– Өздеріңізге белгілі, әкімдік аппараты – халық пен биліктің арасындағы дәнекер, түрлі мемлекеттік қызметтерді жүзеге асыратын мекеме. Елдімекендердің жағдайын жақсарту, тыныс-тіршілігін үйлестіру, ауыл тұрғындарына қолайлы жағдай туғызу – олардың басты міндеті. Ауыл халқының әлеуметтік сұраныстарына сай мемлекеттен қомақты қаржы бөлінуде, – деген ол «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024-25 жылдарға Қайназар ауылында 1200 орынды мектеп салу жоспарланғанын айтты. Сондай-ақ, Сарыбай би ауылындағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалады. Еңбекшіарал ауылының ауызсу жүйесін қайта жаңғыртып, медициналық қосын салу, Қызылсоқ ауылының көшелерін жарықтандыру сияқты ауқымды жұмыстар қолға алыныпты. Қайназарда 13 көше асфальтталып, балаларға арналған спорт алаңы салынбақ. Елдің игілігіне арналған бұдан басқа да жоспарланған шаруалар бар. Аудан басшысы түйінді мәселелер болса өз уақытымен, ретімен шешілетінін, ең бастысы, жұрттың береке-бірлігі мықты болса, әлі талай игі іске бірге куә болатынын жеткізді.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы