Қаскелең қаласындағы Сулейман Демирел атындағы университетте (SDU) «Ономастика саласы бойынша ізденіс пен тәжірибе» атты семинар өтті. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы ұйымдастырған алқалы басқосуға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті ономастикалық жұмыс басқармасының басшысы Елерке Төрехан, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Қыздархан Рысберген қатысты. Семинарды Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Данияр Ахметов ашып, жүргізіп отырды.
– Жер, су атаулары – тари¬хымыздың айғағы. Ата-бабадан қалған тарихи топонимикамызды қай¬та қалпы¬на келтіру ісіне белсене кірістік. Көше ат¬тарын қазақыландыруда бірсы¬пыра жұмыс атқарылып жатыр, – деп бастады Данияр Дүйсенбіұлы өз сөзін. – Қазір атау беруде Мәдениет және спорт министрлігінің әзірлеген «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін басшылыққа алу өзекті болып отыр.
Семинарға қатысушылардың назарына Алматы облысының елдімекендері мен көшелері жайлы мағлұмат беретін бейнебаян ұсынылды. Мұнда өлкеміздегі 60 әкімшілік аумақтың, 3103 құрамдас бөліктің, 225 елдімекеннің, 8 мәдениет үйінің атауы тарихи тұлғалардың есімімен аталатыны айтылды. Қазіргі таңда тізімде көрсетілген 555 тұлғаның 352-сінің есімі ұлықталып отыр. Сондай-ақ, облыс көлемінде әкімшілік-аумақтық бірліктер мен құрамдас бөліктердің 2011-і кісі есімімен, 1712-сі жер-су атауымен, 1616-сы дәстүрлі атаумен аталады. 2023 жылы Алматы облысы бойынша идеологиялық тұрғыда ескірген 425 көшені, 7 ауылдық округ пен 9 елдімекеннің атауын өзгерту жоспарға енгізілді.
Жиында сөз алған Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті ономастикалық жұмыс басқармасының басшысы Елерке Төрехан мемлекеттік бағдарламадағы басым бағыттардың бірі – елдімекендер мен көше атауларын ретке келтіру – өзекті мәселелердің бірі екенін айта келіп, ұлттың сипаты ең алдымен оның тілі мен ономастикалық атауларынан көрініс табатынын ескертті.
– Асылында, бұрынғылар «Жер тарихы – ел тарихы» деп жер-су атауларына ерекше мән бергені бекер емес. Елдің елдігін танытатын, болашағын айқындайтын, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан болмысы, танымы, тағдыры елдімекен атауларында жатыр, – деді Елерке Әдепханқызы.
Семинар барысында Талғар, Қарасай, Іле, Райымбек, Кеген, Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Балқаш аудандары мен Қонаев қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшылары мен міндетін атқарушылар Фарида Бегенбаева, Ләззат Болатқызы, Бақытжан Рақымжан, Құман Қуанышұлы, Қанат Бектенов, Құндыз Сабырбайқызы, Әсем Қыдырбаева Нұрбүбі Әшекеева, Гүлзат Сәлімжанова, Бибігүл Шайкенова жарыссөзге шығып, қолға алынған жұмыстар жайын кеңінен баяндады. Ал А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Қыздархан Құрмашқызы өз сөзінде елдімекендердің атауларын анықтауда ғылымның атқарар қызметі мен жекелеген атауларды жазу емлесі туралы ойын ортаға салды.
Ономастика саласындағы саясаттың әлеуметті тәрбиелеуде арқалайтын жүгі мейлінше салмақты. Ол, әсіресе, жастардың бойына ұлттық рухты дарыту үшін ауадай қажет. Жер,су атауларында тағылымды тарихымыз жатуы тиіс. Сондықтан бұл семинар ономастика саласындағы ұлт мүддесіне орай жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың бұдан әрі дамуына серпін береді деген сенімдеміз.
Қуат Қайранбаев,
Қарасай ауданы