Алғыс айту күні Қазақстан халқының барлық өңірлік Ассамблеяларының қатысуымен өткен мерекелік телекөпірден басталды. Телекөпірге Алматы облысы әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов және этномәдени орталықтардың өкілдері қатысты.
Бейнеконференцияны Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов ашып, Алғыс айту күні бірлігіміз бен тұрақтылығымызды нығайтудың жолы екенін атап өтті.
– Ассамблеяның еліміздің тұтастығын сақтауда маңызы зор. Ассамблеяның туған күні мен Алғыс айту мерекесінің тұспа-тұс келуі бекерден-бекер емес. Бұл – еліміздің бірлігі мен татулығының мерекесі. Бүгінде Ассамблея мүшелерінің мемлекетіміздің өркендеуіне сіңіріп жатқан еңбегі зор. Бұл ретте қоғам дамуына үлес қосып жүрген жүздеген адамның атын атауға болады. Еліміздің 50000-нан аса азаматы белсенділігін танытуда. Осы орайда Ассамблеяның әр мүшесі алғыс айтуға, зор мәртебеге лайық, – деді ол.
Келесі кезекте сөз алған ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Данияр Қадыров Алғыс айту күніне орай елімізде 250-ден аса әртүрлі шара өтетінін тілге тиек етті. «Қазақконцерттің» жанынан «Бірлік» ансамблі құрылғанын, мереке аясында аталмыш ансамбль өнер көрсететінін де айта кетті.
«Қайырымдылық керуені» жобасы да осы күннен бастау алып, жыл соңында нәтижесі форумда жарияланатынын жеткізді. «Қайырымдылық керуенінің» бастамасы ретінде Астана қаласынан тұрмысы төмен екі отбасына пәтер кілті табыс етілді.
Атап айтарлық жайт, «Қайырымдылық керуені» акциясы елімізде дәстүрлі түрде тоғызыншы жыл өткізіліп келеді. Ассамблея мүшелері өткен жылы мұқтаж жандарға 2 млрд теңгенің көмегін көрсеткен.
Жиын барысында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Герман Ким, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Евгений Больгерт, «Шаңырақ» бағдарламасының жүргізушісі Алмас Алтай сөз алып, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Шара барысында әр өңірден қосылған Ассамблея мүшелері мерекелік көңілкүймен бөлісіп, қиын кезде қолұшын созған, бір бөлмесін босатып беріп, бір үзім нанды бөліп жеген қазақ халқына деген алғыстарын ақтарды.
***
Көктеммен қатар келген Алғыс айту күні мерекесі Қонаев қаласы жұртшылығының көңіліне шуақ ұялатты. Мәдениет үйінің алдына жиналған көпшілік этномәдени орталықтар ұсынған көрмені тамашалап, шеберлер ауылына саяхаттады. Әр этностың қолөнер бұйымдарына қызыға қарап, «Бауырсақ-патиден» ауыз тиді. Одан ары Мәдениет үйінде жалғасын тапқан шара әртүрлі ұлттың биімен ашылды.
Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Мұратқызы өңір халқын мерекемен құттықтады.
– Баршаңызды өзара құрмет пен сенімнің, ізгілік пен мейірімнің, бірлік пен татулықтың мерекесі – Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Көктемнің алғашқы күнінде біз егемен елімізде тату тіршілік пен жарасымды сыйластық жолында ниетіміздің тоғысқаны үшін бір-бірімізге алғыс айтамыз. Көпұлтты Қазақстан халқы үшін бұл мерекенің мәні – терең, маңызы – ерекше. Бұл күннің басты мақсаты – тарихи жадыны жаңғырту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау, бірлігімізді бекемдеу. Қазақ даласы қиын-қыстау кезеңде қоныс аударған миллиондаған адамның құтты мекеніне айналды. Қамқорлық пен өзара көмек – елімізде достықтың бірегей атмосферасын қалыптастырды.
Алматы облысы – еліміздегі көптеген этнос өкілдері тығыз қоныстанған өңірдің бірі. Бүгінде аймақта 105 этнос өкілі татутәтті өмір сүруде.
Бүгінде азаматтарымыз егемен елімізді дамытуға, қастерлі қазақ жеріндегі бейбітшілікті, татулық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосуда.
Бірлік пен жарасымды сыйластық сияқты қастерлі құндылықтар біздің еліміздің әрдайым айнымас темірқазығы болып қала береді. Сондықтан бұл күнді айрықша қайырымдылық акцияларымен, мұқтаж жандар мен жақындарға қолдау көрсету арқылы атап өту маңызды. Облыста арнайы кешенді жоспар әзірленіп, онкүндік аясында өңірдің түкпір-түкпірінде 100-ге жуық тағылымды шара өткізілуде, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы. Бұдан соң түрлі жағдайда белсенділік пен азаматтық танытып, еліміздің ынтымағы мен бірлігін арттыруға үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттады. Бұл қатарда осы жылдың 17 ақпанында Райымбек ауданында туристік базаға бара жатқан жолда ауа райының қолайсыз жағдайына тап болған 18 адамды қар құрсауынан құтқарған бейбіт өмірдің батыры Алмат Қазыбаев, Өтеген батыр ауылында жолаушылар отырған автобусты жол апатынан аман алып қалған жас құтқарушы, Іле ауданы, Қарасу ауылындағы №24 лицейдің 8-сынып оқушысы Ақжол Герой, бір жыл ішінде 40 шақты өрт сөндіру операциясына қатысып, тілсіз жаудан 100-ге жуық адамды құтқаруға қатысқан жас маман, мемлекеттік өрт бақылау басқармасының зерттеу өрт-сынақ зертханасының аға инженері Бекжан Оспан, Алматы облысының каратэ бойынша 7 дүркін чемпионы, әлем чемпионы, Қазақстан Республикасының спорт шебері Рысбек Мақсұтов, тағы да басқа азаматтар бар.
Алғыс айту күніне арналған «Қазақстан – бақыт мекені» атты облыстық бейнебаян байқауының жеңімпаздары да марапатталды. Бұл орайда «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері Дамир Нұрқасым І дәрежелі диплом, Қонаев қаласы орта-мектеп гимназиясының оқушысы Камила Масанова ІІ дәрежелі диплом, Талғар ауданы Панфилов ауылынан Татьяна Мельникова ІІІ дәрежелі дипломға қол жеткізіп, «Алғыс айту – адамгершіліктің белгісі – 2024» мүсіншесін иеленгенін айта кеткен абзал.
Шара барысында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы өңірлік өкілдігінің төрайымы Вера Плетнева сөз алып, 200 адам тұратын шағын ауылда қазақ халқының тәрбиесін бойына сіңіріп өскенін тілге тиек етті.
Мереке Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның ұсынуымен концерттік бағдарламаға ұласты. Шара соңында облыс әкімінің ықылас гүлі тарту етілді.
Алма Есенбай,
Қонаев қаласы