Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас ауылдық округ оралықтарында тұрғындармен тұрақты кездесу өткізуде. Осы жолы өңір басшысы Теміржол және Үлкен ауылдық округтерінің тұрғындарымен есептік жиын өткізіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму барысын саралады.
Кездесу барысында 2026 жылдың он айындағы өсу көрсеткіштерін жан-жақты тарқатып, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Аудан басшысының баяндамасында кейінгі кездегі жан жадыратар жаңалықтар нақты деректермен айғақталды. Заман талабына сай тың істер қолға алынып, жылды табысты аяқтауға бағытталған жұмыс жүйелі жалғасуда.
Теміржол ауылдық округінде де тіршілік жаңа арнаға бағыт алған. Округ орталығы Қазыбек бек бекетінде бүгінде 6 405 адам тұрады. Есепті кезеңде округке 11,1 млрд теңге инвестиция тартылып, 122 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында округтің бес тұрғыны 40,9 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, өз кәсіптерін бастады. Сонымен қатар пайдаланылмай жатқан 204 гектар жер аудан қорына қайтарылды. Теміржол ауылдық округінде индустриалдық аймақ құрылып, өндіріс орындарын орналастырудың ауқымды жобасы қолға алынған.
Аудан әкімі Нұрлан Ертасұлы мұның алдында Үлкен ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізген. Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары сараланған жиын барысында Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған негізгі бағыттар мен алдағы кезеңге арналған басым міндеттер талқыланды. Осында «Балқаш» атом электр стансасын салу жобасын жүзеге асыру перспективаларына, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ болашақта 25–30 мың тұрғынға арналған атомшылар қалашығын салу жоспарларына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар тұрғындар үшін өзекті мәселе – ауылды газдандыру, жаңа дәрігерлік амбулаторияны пайдалануға беру, автомобиль жолдарын жөндеу, көшелерді жарықтандыру, өрт сөндіру және полиция бекеттерін салу мәселелері талқыланды.
Өз кезегінде Үлкен ауылының тұрғындары елдімекенді арнайы техникамен қамтамасыз ету және кәріз жүйесін жаңғыртуға қатысты ұсыныстары мен сұрақтарын жеткізді. Қазір мұндағы тұрғындар саны екі мыңға жетпейді. Тоғыз қабатты тұрғын үйлердегі пәтердің көпшілігі қаңырап бос тұр. Өйткені кеңес өкіметі кезінде ірі электр стансасын салу жоспарланғанымен іске аспай, жұмыс жоқтықтан халықтың көбі көшіп кеткен. Енді еліміздегі алғашқы АЭС осында салынбақшы. Бұл мұндағы тіршіліктің қайта түлеуіне жол ашпақ. Нұрлан Ертасұлы көтерілген барлық мәселе бақылауға алынатынын айтып, оны шешу жолдарын пысықтауды жауапты мекемелерге тапсырды.
Жиында аудан әкімі алдағы межелерді айқындап, ауылдық елдімекендердің әлеуетін арттыру, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту және жаңа жұмыс орындарын ашу бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ ауылдың дамуына әрбір тұрғынның үлес қосуы, қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтау, ел ішіндегі ауызбіршілік пен ынтымақты нығайту маңызды екенін жеткізді. Мұндай кездесулерді өткізу 24 ауылда жоспарланған.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы

