Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ұстаз бен шәкіртті жақындатқан жоба

Ұстаз бен шәкіртті жақындатқан жоба

44 қаралым

Өнер – ұрпақтар арасын жалғайтын алтын көпір. 2026 жылғы 6 қазанда Алатау қаласы, Арна ықшамауданындағы «№2 орта мектеп» КММ-де көркем-эстетикалық пәндер бірлестігінің онкүндігі аясында мұғалімдер мен оқушылар арасында «Екі жұлдыз» ән байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты – оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, өнерге қызығушылығын арттыру және ұстаз бен шәкірт арасындағы ынтымақтастықты нығайту. Сахна төрінде өнер көрсеткен жұптар өздерінің вокалдық шеберліктері мен сахналық мәдениетін танытып, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.
Мектеп директоры Айбар Тұрарұлының айтуынша, мұндай шаралар оқушылардың талантын ашып, ұстаз бен шәкірт арасындағы сенім мен сыйластықты арттыруда маңызды рөл атқарады.
«Біздің мақсатымыз – балаларға сапалы білім берумен қатар, олардың бойындағы өнер мен шығармашылыққа деген қызығушылықты қолдау. «Екі жұлдыз» байқауы – ұстаз бен шәкіртті ортақ мақсатқа біріктіретін ерекше жоба. Осындай бастамалар арқылы оқушылардың қабілеті шыңдалып, өзіне деген сенімі артады. Өнерлі ұрпақ – еліміздің жарқын болашағы», – деді мектеп директоры.
Байқау қорытындысы бойынша І орын бастауыш сынып мұғалімі Самал Жеткергенқызы Тайымбетова мен 5 «Ә» сынып оқушысы Әдемі Ерланқызына бұйырды. ІІ орынды дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Нұржан Бейсенов пен Думан Ерасыл 7 «А» сынып оқушысы иеленді. ІІІ орын математика пәнінің мұғалімі Шолпан Айбекқызы мен 2 «Ә» сынып оқушысы Аян Рауанқызы алса, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қарлығаш Жайлыбаева мен 9 «А» сынып оқушысы Алуа Даулетбаққа берілді.
Жеңімпаздарға мектеп директорының атынан Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
«Екі жұлдыз» байқауы ұстаз бен шәкірттің өнер арқылы жақындасып, өзара қолдау мен сыйластықтың үлгісін көрсеткен тағылымды шара болды.


Толқын ОДАШҚЫЗЫ
Алатау қаласы

↑