Жетісу жерінде от ауызды, орақ тілді, суырып салма ақындар мен жыршылар аз болмаған. Сөйлегенде сөздің түбін түсіретін сондай ақындардың бірі әрі бірегейі – қасиетті Қарасаз жерінен шыққан Хасенәлі Саматыров еді. Мұқағали мен Еркін Ібітановтай алдыңғы толқын ақындардың ізін жалғаған Хасенәлі Саматыровтың туғанына биыл 70 жыл толды. Осы айтулы датаға орай Алматы облыстық С.Сейфуллин атындағы кітапханада ақынды еске алу кеші өтті. Әдеби әрі мәдени кешке қаламгерлер, ақынның көзін көргендер мен мұрасын зерттеген тілші ғалымдар, шәкірттері, мектеп оқушылары қатысты.
Кеште әуелі Хасенәлі Саматыров туралы қысқаша бейнеролик көрсетіліп, көпшілік ақынның туған жері, шыққан тегі, алған тәрбиесі туралы мәліметке қанық болды.
1954 жылы 7 наурызда Хан-Тәңірінің баурайындағы Қарасаз ауылында дүниеге келген Хасенәлі Саматыров туралы айтқанда оның әкесі жайында сөз қозғамау жөн болмас еді. Әкесі Ұзақбай ауыл молдасы болған. Еліне «Қара суды теріс ағызған Ұзақбай қари» деген атағы шыққан ол киелі Түркістанда сауатын ашып, діни білім алған. Дінге тыйым салынған кеңес өкіметінің тұсында да бес уақыт намазын қаза қылмаған иманды адам болған. Ұзақбай қари ұлы Хасенге көп үлгі-өнеге көрсетіп, тәлім-тәрбиесін толық беріп үлгермеді. Аузынан Құраны, қолынан тәспісі түспеген әкесі Хасенәлі сегізге толғанда тағдырдың жазуымен өмірден өте барады. Осылайша бұғанасы қатпаған бала Хасенәлі жетімдіктің ащы дәмін ерте татады, ерте есейіп, еңбекке араласады.
Хасенәлі екі сөздің басын қосатын жай айтыскер ақын емес, әуесқой сазгер, әншілігі, тілінің қыршаңқылығы бар сатирик ақын. Тіпті оның шабыты келгенде қылқалам ұстап, сурет салатын өнері де барын біреу білсе, біреу білмейді. Тегістік ауылында Мәдениет үйінің меңгерушісі бола жүріп те ақындық өнерін тастамаған. Республикада айтыс өнері қайта тіріліп, жандана бастаған 1980 жылдардан бері Хасенәлі Ұзақбайұлы облыс, республика деңгейінде ұйымдастырылған айтыстарға қатысып, айтыскер Есенқұл Жақыпбек, Нәсілхан Тоқтасынова сынды жүйріктермен сөз қағыстырған.
Жиында сөз алған Алматы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының кеңесшісі Нұраділ (Дәуренұлы) биыл ақын мұрасын насихаттау мақсатында еске алу кешін Қарасазда да ұйымдастыру жоспарланып отырғанын айтты.
Әдеби кеште алғаш болып сөз алған «Мұқағали» журналының бас редакторы, журналист Жақыпжан Нұрғожа Хасенәлі Саматыровтың сонау Албан Асан, Шалтабай ақын, Бердібек Соқпақбаев, Мұқағали сынды алыптардың артынан ілесіп шыққан ақын екенін тілге тиек етті. «Осындай тұлғалардың шығармаларынан сусындап, олардан тәлім терген ұрпақ жаман болмайды. Мұқағали өлеңдерін жаттап өскен кез-келген жас Мұқағалидай ақын болмас, бірақ елге қызмет ететін азамат болып қалыптасады» деген Жақыпжан Нұрғожа ақын мұраларын насихаттау жолындағы мұндай басқосулар бұдан ары да жалғасын тапса деген тілегін білдірді.
Ақын Айтақын Әбдіқал Хасенәлі Ұзақбайұлының бір бойына бірнеше өнер дарыған тума талант екенін айтып, естеліктерін
«Орыстың патшалары ақыл-кеңес сұрайтын Толстойы мен Шолоховы да өздерін өздері оқытқан. Мұқағали да солай. Хасенәліде сондай қасиет бар. Әкесі туралы бұрын-соңды хабарым болмаған екем. Демек, Хасенәлінің арқасы бар. Ол домбыра да шертеді, даусы, ырғақ та бар, Мұқағалидің стилінде айтатын, қас пен көздің арасында жанынан шығарып айтатын қабілет те бар. Әрине, ақын болған соң мінез де болады» деген ол Хасенәлінің тура айтатын мінезінен жүлдеден қағылып, өзіне тиесілі сыбағасын ала алмаған сәттері де болғанын айтты. Насихаттамаса, ақын танылмайтынын, бәйгеге қоспаса, жүйрік мойындалмайтынын айтқан Айтақын Әбдіқал Хасенәлі Ұзақбайұлының мұрасы көбірек насихатталса деген тілегін жеткізді.
Хасенәлі Саматыровтың шығармашылығын зерттеген филолог ғалым Анарбай Бұлдыбай оның тағы бір қасиеті Жетісудың жыршылық, термешілік дәстүрін сақтап қалғанын, өнердің осы түрінің сарқыншағы екенін айтты. Қазіргі күні облыс орталығы Қонаев қаласында жыршылық өнер мектебі ашылғанын айтқан ғалым, мектеп Хасенәлі сияқты жыраулық өнер иелерінің мұраларын дәріптеуге де үлес қосса, ақынның екінші өмірі басталатынын айтты.
«Алатау арайы» газетінің бас редакторы, ақын Кәдірбек Құныпияұлы Алматы облысы әкімдігінің көмегімен шығайын деп жатқан облыс ақын-жазушылары шығармаларының көп томдығына Хасенәлі Саматыровтың еңбектері де енсе деген тілегін жеткізді.
Басқосуда Хасенәлі Ұзақбайұлының көзін шәкірттері, сыныптастары да сөз сөйлеп, ақын туралы естеліктерімен бөлісті. Ақынға арнау өлең оқып, әннен шашу шашты.
Айбек Мұқан