Перейти к содержимому

Үздік мамандар марапатталды

       Мал шаруашылығын негізгі кәсіп қылған ата-бабамыз «Малы саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Бүгінгі таңда да бұл саланың маңызы артпаса, кеміген жоқ.

Өйткені, жануарларды түрлі ауру­дан қорғау, оларды емдеу, мал шаруашы­лығы өнімдерінің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету сынды жауап­кершілігі жоғары жүкті арқалап, аянбай еңбек етіп отырған ветеринария қызметкерлерінің жұмысы оңай емес. Міне, осынау сала мамандары­ның еңбегін ескеріп, құрмет көрсету мақсатында биыл елімізде алғаш рет ветеринария қызметкерлерінің кәсіби мерекесі атап өтілді.
Есік қаласындағы Т.Молдағалиев атындағы Мәдениет үйінде Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орын­басары Қ.Ақшабаев ветеринария қызметкерлерін құттықтап, аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады. Аудан аумағындағы үздік ветеринариялық пункт, үздік бөлімше меңгерушісі, үздік ветеринариялық дәрігер, үздік фельдшер, үздік лаборанттар анықта­лып, марапатталды. Сонымен қатар об­лыстық ветеринариялық стансаның бөлім басшысы Айдос Жүнісов іс-шараға арнайы қатысып, аталмыш станса басшысы Мұхтар Сабырбектің құттықтауын жеткізді. Аудандағы ветеринарияның дамуына үлкен үлес қосқан қызметкерлерге Алғыс хат тапсырды.
Іс-шара барысында сала ардагер­лері сөз сөйлеп, аудан аумағындағы ветеринариялық қызметтің тарихы­на және қазіргі жай-күйіне аз-кем тоқ­талып өтті. Еңбекшіқазақ аудандық ветеринариялық зертханасы 1975 жылы құрылған. Ал Ветеринария­лық бақылау және қадағалау комитетінің Еңбекшіқазақ аудандық аумақтық инспекциясы 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Аудан аумағында орналасқан 26 ветеринария­­лық бөлімшеде барлығы 154 маман жергілікті жердегі эпизоотиялық ахуалдың тұрақты болуы үшін қызмет етіп отыр.
Мал дәрiгерлiк қызметтiң маңыз­ды мiндеттерiнiң бiрi – адамдар мен жануарларға ортақ аса қауiптi індет­тің алдын алу, ветеринариялық-санита­риялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жануарлардың жұқпалы және экзо­тикалық ауруларының сырттан әке­лінуінен және таралуынан қорғау. Осындай ауқымды жұмыстың жүйелі жүруінің арқасында тағам қауіпсіздігін сақтап, сапалы сүт пен ет өнімдерін тұтынуымызға мүмкіндік ашып отырған сала мамандарының еңбегі өлшеусіз.

Құралай Мұратқызы

Еңбекшіқазақ ауданы