Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Алматы облысындағы жер сілкінісіне байланысты шұғыл баспасөз мәслихаты өтті. Брифинг барысында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Данияр Қасымов, облыстық ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Ерсін Жағыпаров баяндама жасады.
Олар наурыздың 4-і күні 11 сағат 22 минут 02 секундта Алматы облысының сейсмостанциясы Қазақстан мен Қырғызстан аумағында Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде 5 балдық жер сілкінісінің тіркелгенін атап өтті. Жер сілкінісі кезінде халықты хабардар ету мақсатында ұялы байланыс операторлары және Darmen мобильді қосымшасы арқылы SMS-хабарламалар жіберілген. Барлық мүдделі органдарға ақпарат берілген. Жер сілкінісіне байланысты жедел штаб жұмыс істеуде. Сондай-ақ, психолог пен жедел желі жұмысы ұйымдастырылған. 12 сағат 30 минуттағы жағдай бойынша азаматтардан 112 телефон желісіне 120 қоңырау, жедел желі телефонына ақпараттық сипаттағы 8 қоңырау келіп түскен.
– Жер сілкінісі салдарынан құрбан болғандар, қираған ғимараттар жоқ. Облыс гарнизонының күштері мен құралдары жоғары дайындыққа келтірілген және төтенше жағдайларға ден қоюға дайын. Байланыс құралдары мен ескерту жүйелері тексерілді, КШМ орналастырылды. Төтенше жағдай бола қалған жағдайда азық-түлікпен және ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша аумақтық кәсіпкерлік бөлімдері меморандумдар жасасты. Мектептер мен балабақшалар базаларында 173 қабылдау-эвакуациялық пункт дайындалды. 16 автономды жылыту құралдары дайын, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Данияр Қасымов.
Бүгін сонымен қатар Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев жер сілкінісіне байланысты шұғыл жиын өткізді. Алматы облысы әкідігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта аймақтағы жағдай тұрақты, бірақ жедел штаб алдағы іс-шаралар жоспарын талқылауды жалғасып жатыр. Өңірдегі барлық тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері, полиция бөлімі мен жедел медециналық жәрдем қызметі штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
Департамент өкілдері көпқабатты үйде тұратын әрбір азамат білуі тиіс қарапайым ережелерді еске сала кетті. Ең бастысы, сабыр сақтап, үрейленбеу керектігін, жер сілкінісі кезінде жеделсаты мен баспалдақты пайдаланбай, ғимарат немесе үйдегі қауіпсіз жерге тұру қажеттігін жеткізді. Демек, жиһаз, терезе, люстрадан алыстап, қабырғалардың бұрышына тұрған жөн. Су, газ, электр қуатын өшірген абзал. Көпқабатты үйлерде жер сілкінісі тоқтағаннан кейін ғимараттан шығып, үй жанындағы ашық алаңға, демек, жинау пункттеріне бару керек. Ол жерде де электр желісі, ғимарат, ағаштан аулақ тұру қажет. Жинау пункттерінен (жерлерінен) ауқымды төтенше жағдайға дайындалған ең жақын зардап шеккен халықты қабылдау пунктіне бару қажет. Алматы облысында халықты орналастыру үшін баспанасыз қалған, зардап шеккен адамдарды қабылдайтын 412 бөлімше бар. Бұл пункттер әдетте сайлау учаскелерінің принципі бойынша анықталады, яғни, әдетте дауыс беру өтетін жерлерде белгіленген. Сондай-ақ, бұл пункттер 2GIS қосымшасында көрсетілген.
Алма Есенбай,
Қонаев қаласы