Сейсенбі күні Астанада Үкіметтің кезекті отырысы өтіп, онда биылғы қаңтарақпан айларындағы елдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Жиынның екінші бөлігінде қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу тақырыбы қозғалды. Сала министрлері мен облыс, қала әкімдері қатысқан кеңейтілген отырысқа Премьер-Министр Олжас Бектенов төрағалық етіп, кейбір төмен көрсеткіштер бойынша сын-ескертпелер айтып, жауапты тұлғаларға кеткен кемшіліктерді түзетуге қатысты нақты тапсырма жүктеді.
Жиында министрлер мен кейбір аймақ әкімдері өз салалары бойынша есепті баяндама жасап, атқарылған жұмыстарын таныстырды. Алғашқы сөз кезегін алған Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров есепті кезеңде Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,2 пайызды құрағанын мәлімдеді. Қаңтар айында көрсеткіш 3,9 пайыз болған. Оның айтуынша, нақты сектордағы оң динамика 5,1 пайызға, қызмет көрсету саласындағы динамика 3,5 пайызға жеткен. Әсіресе, құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік, сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібі ең жақсы өсімді көрсеткен. Ал Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, мемлекеттік бюджетке 3,2 трлн теңге кіріс түскен. Жоспар 100 пайызға орындалған. Республикалық бюджет 1,9 трлн теңгеге, жергілікті бюджеттер 1,3 трлн теңгеге толықтырылған. Есепті кезеңдегі мемлекеттік бюджет шығыстары 96,6 пайызға атқарылған. Премьер-Министр осы тұста барлық негізгі макрокөрсеткіш Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Абай облыстары мен Астана қаласында өскенін, ең төмен көрсеткіштер Маңғыстау, Атырау, Ақмола облыстары мен Алматы қаласында байқалып отырғанын жеткізді. Кездесуде Маңғыстау, Атырау, Ақмола, Жетісу, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласының әкімдері инвестиция тарту, құрылыс қарқынын арттыру, ауыл шаруашылығын және басқа да салаларды дамыту жөніндегі шаралар, қатты тұрмыстық қалдықтардың өңдеу тақырыбында баяндама жасады. Үкімет басшысы осы орайда өңір динамикасын арттыра түсу қажет екенін айтты. «Министрліктер мен аймақ басшылары Жоспарды сапалы әрі уақытында іске асыру үшін қажетті шараларды қабылдауға тиіс. Үкімет жұмыла жұмыс істеп, экономиканың барлық саласын тиімді үйлестіруі керек», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-Министр әрі қарай инфляциялық қысымды төмендету мәселесіне баса назар аударды. Екі айдың қорытындысы бойынша инфляция баяулап, 9,3 пайызды құраған. Бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің алдына инфляцияны 8 пайыздан төмен ұстап тұру міндеті қойылған.
– Күріш, жұмыртқа, жемістер, сусындар, сары май және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Көріп отырғанымыздай, бағасы өсіп кеткен позициялардың саны едәуір көп. Демек, бұл орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді, – деді Үкімет басшысы.
Жалпы өңірлер арасында инфляцияның ең көп өсуі Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында тіркелген. «Егер өңірлер жергілікті жерде инфляцияны төмендету бойынша қажетті шаралар қабылдамаса, маған дереу баяндалуы керек», – деді Олжас Абайұлы.
Үкімет басшысы осы бағыттағы жұмыста тұрақтандыру қорлары, форвардтық және оффтейк-келісімшарттар, өнім құнын арзандатуды субсидиялау, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша сауда субъектілерімен келісім жасау сияқты пәрменді тетіктерді белсенді пайдалану керектігін, сонымен қатар, импортқа тәуелді өнім өндірісін кеңейту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіруге арналған басым дақылдардың егіс алқаптарын ұлғайту қажеттігін алға тартты.
– Әкімдер делдалдық схемаларды анықтау жөніндегі өңірлік комиссия жұмысын арттыруға тиіс. Орталық және жергілікті атқарушы органдарға инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы орындауды тапсырамын, – деді ПремьерМинистр. Өз сөзінде ол инвестиция тарту үшін дайын инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды екенін айтты. Қазіргі кезде тозу деңгейін азайту үшін электрмен, жылумен және сумен қамту желілерінде белсенді түрде жұмыс жүргізілуде.
Үкімет басшысы тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық инфрବ¬құрылымын жөндеу және реконструкциялау жөніндегі барлық іс-шара сапалы жүзеге асырылып, уақытында аяқталуы тиіс екенін сөз етті. Бұл ретте сатып алу барысында отандық өндірушілерді қолдауға барынша басымдық берілуі қажет. Сондай-ақ, әзірленіп жатқан Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарда тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асырған жөн.Оның айтуынша, экономикалық саясат басымдықтарының бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін кезең-кезеңмен қысқарту және баршаға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету. Осы саясатты іске асыру кешенді жекешелендіру және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелестік ортаға беру арқылы сүйемелденуге тиіс. «Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін 2025 жылдың соңына қарай Жалпы ішкі өнімнің 14 пайызына дейін қысқартуға тиіспіз. Биыл Кешенді жекешелендіру жоспарын 90 пайызға іске асыру қажет», – деді Олжас Абайұлы. Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев та баяндама жасап, қоршаған ортаны қорғау, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытында атқарылған шаруаларды таныстырып шықты. Осы бағыттағы жаңа жобалардың артықшылықтарын әңгімелеп, қоқыстарды сұрыптау, қайта кәдеге жарату бойынша жоспар-идеялар көп екенін жеткізді. Үкімет басшысы министрдің баяндамасынан кейін қоқысты қайта өңдеу әлем бойынша үлкен табыс көзіне айналғанын, Қазақстанда да осы саланы жандандыру қажеттігін сөз етті. Мысал ретінде ол Алматы облысындағы «KZ recycling» компаниясын келтірді.
Аталған компания макулатурадан қағаз өнімдерін шығарады. Ал Қызылорда облысында әрбір аудан қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты өз жобаларын іске асыруда. Бұдан бөлек, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Радуга» компаниясы полиэтилен мен қағаз қалдықтарын қайта өңдеп, халық тұтынатын әртүрлі тауар өндіріп отырғанын айтты. Шымкентте «Еврокристалл» компаниясы шыныны қайта өңдеп, ыдыс-аяқ дайындайды. Басқосуда жалпы ел бойынша қоқыс өңдейтін 40-қа жуық жаңа зауытты іске қосу жоспарланғаны әңгіме өзегіне айналды. Үкімет басшысының айтуынша, өкінішке қарай, Ақтөбе, Атырау және Абай облыстары қоқыс өңдеу ісін жандандыра алмай отыр.
– Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратуда. Ал бізде қарапайым сөзбен айтқанда, жиналған қоқысты жерге көме салу, тіпті болмаса таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды. Бұл елдімекендердің көркін бұзумен қатар ешқандай санитариялық, экологиялық нормаларға сай келмейді, – деді Олжас Бектенов.
Үкімет жиынында белгілі болғандай, құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Жетісу, Қызылорда, Жамбыл және Павлодар облыстарында байқалған. Биылғы қаңтар-ақпанда 2 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілген. Тұрғын үйді пайдалануға берудің айтарлықтай төмендеуі Ұлытау, Маңғыстау, Атырау облыстарында, сондайақ, Алматы қаласында тіркелген. Тұрғын үй бойынша жоғары көрсеткіш Жетісу облысында және Астана қаласына тиесілі. Ал ауыл шаруашылығы саласында ең жоғары динамиканы Алматы, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары көрсеткен. Жиында бюджет, игерілмеген қаржы, активтер, жекешелендіру, машина жасау, өнеркәсіп, логистика сияқты ауқымды тақырыптар да сөз болды.
Жиын түйінінде Премьер-Министр Мемлекет басшысының экономиканы ырықтан шығармау жөніндегі тапсырмасын сапалы әрі дер кезінде орындау қажеттігіне назар аударды. Мұндай шаралар нарықтық бәсекелестікті дамытуға, жекешелендіруді тиімді жүргізуге және квазимемлекеттік секторды барынша реформалауға бағытталмақ.
Қуаныш Тұнғатар