Облыс басшысы Марат Сұлтанғазиев Еңбекшіқазақ ауданындағы Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шараға қатысты. Шелек ауылындағы дене шынықтыру – сауықтыру кешенін ашып, аталған өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Есік қаласының төрінде айрықша салтанатпен аталып өткен әз Наурыз салтанатына облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, облыстық мәслихат төрағасы Талғат Байеділов, «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғоджаев қатысты. Мерекелік шарада алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев:
– Күн мен түн теңелетін, Шығыс халықтарында жыл басы саналатын Ұлыс күнін халқымыз жарықтың қараңғыны, жылының суықты, ақтың қараны жеңер жақсылықтың басы деп ұғынған. Биылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен халықты біріктіретін, қоғамды ұйыстыратын ортақ құндылық ретінде орнықтыруға баса назар аударылуда. Соған сәйкес елімізде Наурызды тойлаудың жаңа тұжырымдамасы бекітіліп, биылдан бастап Наурызнама он күн тойланатын болды. Осылайша, мейрамның ауқымы кеңейіп, мәні тереңдей түсті. Әр күнге жеке атау беріліп, оның мазмұнына сай облыста түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды. Жыл санап Еңбекшіқазақ ауданының әлеуеті артып келеді. Бірнеше әлеуметтік және спорт нысандары іске қосылды. Осы сәтті пайдалана отырып, тірлігі тату аудан халқына отанымыздың дамуына, облысымыздың гүлденуіне қосқан үлесі үшін зор алғыс білдіремін! Егемендігіміздің мәртебесі биік, болашағы жарқын болсын! – деді облыс басшысы.
Осынау ұлық күні облыс әкімі Марат Елеусізұлы Этномәдени орталықтар мен арнайы тігілген ақшаңқан үйлерді аралап, мыңжылдықтан тамыр тартқан той-салтанат рәсімдеріне көзайым болды.
Түркі жұртының Жаңа жылын жарасымды көңілмен қарсы алған Шелек өңірінің жұртышылығы биыл қос қуаныштың куәсі болды. Ең бастысы, Шелек тұрындары жыл санап зарыға күткен заманауи спорт кешеніне қол жеткізді. Әз Наурызда аймақ басшысы өңір тұрғындарын жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуымен құттықтады.
– Сіздерді бірнеше залы мен футбол алаңы бар заманауи дене шынықтыр–сауықтыру кешенінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл ғимарат тек осы Шелек ауылында ғана емес, ауданда спорттың дамуына жаңа серпін береді деп ойлаймын. Себебі оның негізінде Еңбекшіқазақ ауданының №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі құрылып отыр. Мұндай қадам ауданның ішінде спорт бәсекесін арттырып, шын мықтылардың іріктелуіне мүмкіндік туғызады деп ойлаймын. Сонымен қатар кешенге грек-рим күресінен Әлем чемпионы, халқымыздан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың есімінің берілуі ерекше жауапкершілік жүктейді. Жаңа спорт ғимаратын қолданысқа беру арқылы жас буынның, әсіресе ауыл жастарының спортпен шұғылдануына тиісті жағдай жасалуда. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Спортшыларымыз көптеген дүбірлі додада топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жастарды жарқын жеңістерге бастайды. Спорт әрдайым мемлекеттің назарында болады», – деген сөздері бұқаралық және кәсіби спортты дамытудағы жауапкершіліктің жоғары екендігін көрсетеді, – деді облыс әкімі.
Аталған кешенге грек-рим күресінен Әлем чемпионы, халқымыздан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы, Қазақстанның Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіровтің есімі берілді. Аумағы 5477,4 шаршы метрді қамтитын кешен құрылысына 2 млрд 534 млн теңге қаржы жұмсалған. Аталмыш кешенде бокс, күрес, ойын, жаттығу залдары бар. Бұл залдарда бокс, еркін күрес, қазақша күрес, грек-рим күресі, волейбол, баскетбол, футбол, футзал, гандбол секілді спорт түрлерінен үйірмелер бар. Бұл ғимаратта Шелек ауылының тұрғындары ғана емес, көршілес ауылдардың спортқа қызығатын балалары да жаттығуына болады. Кешенде күніне 100-ден аса бала бірнеше секцияда шеберліктерін шыңдайды. Ал облыстағы іргелі спорт кешендерінің бірі туған топырақтарында бой көтергендігіне ауыл ақсақалдары да дән риза екендіктерін айтып жатты. Аталған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінда алда талай республикалық және облыстық байрақты бәсекелер жалауын желбірететін болады.
Сондай-ақ, аймақ басшысы Шелек ауылы мен оған көршілес елді мекендерді қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында «Шелек-Тұлпар» ЖШС-не 10 автобустың кілтін табыстады. Аймақ басшысы салтанатты шарада жаңа қоғамдық көліктер ауыл тұрғындары үшін, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді етіп ыңғайластырылғандығын жеткізді. Облысы әкімінің айтуынша, бұл қоғамдық көліктердегі жолаушылар мен тасымалдаушылардың өзара сенімділігін, мәдениеттілігін қалыптастыруға ерекше ықпал етді. Соңғы үлгідегі кең әрі жайлы заманауи автобустар бір уақытта 30 адамды тасымалдай алады. Жаңа автобус жылдамдық шектеу, қозғалыс интервалын бақылауға арналған GPS жүйесімен жабдықталады.
Облыс басшысы сапар аясында күрделі жөндеуден өтіп жатқан және күрделі жөндеуді қажет ететін мектептерді де назардан тыс қалдырмады. «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Еңбекшіқазақ ауданында 2025 жылға дейін 13 мектеп салынады. Өңірдегі жаңадан бой көтерген білім ордаларының бірі – Шелек ауылындағы 900 оқушыға арналған жалпы білім беретін орта мектеп. Білім ордасының құрылысын кәсіпкер Болат Өтемұратов қоры қаржыландырады. Жаңа мектеп оқу сыныптарымен қоса рекреациялық аймақтармен, заманауи оқу-өндірістік шеберханалармен, спорттық және гимнастикалық залдармен, ақпарат орталығымен, зертханамен, шығармашылық студиямен және коворкинг кеңістігімен жабдықталады. Мектеп құрылысы 2024 жылдың тамызында аяқталатын болады.
Көптеген жылдар бойы жөндеу жүргізілмеген ауыл орталығындағы Абай атындағы орта мектеп ғимараты да биыл қайта жаңғыруда. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі бұл білім мекемесіне арнайы барды. Мердігер мекеме «СП NEFT» ЖШС-і оқу орнының жөндеу жұмыстарына жауапты. Бірақ құрылыс жұмыстары мерзімінен кешігіп жатқаны байқалады. Сондықтан жаңа оқу маусымында кейбір қиындықтар туындауы мүмкін. Сол үшін аймақ басшысы мердігер мекемеге жұмыс қарқынын жылдамдатуды тапсырды. Салаға жауапты мамандар жұмыстың сапалы әрі уақытында аяқталуын бақылап отыруға уәде етті. Ал облысы басшысы әрбір нысан басында мердігер мекемелердің жауапты қызметкерлеріне жұмысты сапалы әрі мерзімге сай аяқтауды тапсырды.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы