Перейти к содержимому
Главная страница » Әли ауылы табиғи газға қосылуда

Әли ауылы табиғи газға қосылуда

Алматы облысы Іле ауданындағы Әли ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар аяқталып, тұрғындарды көгілдір отынға қосу кезеңі басталды.

Алматы облысының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы мен «Спецстройбренд» ЖШС арасында жасалған ынтымақтастық туралы келісім аясында компания өз қаражаты есебінен Әли ауылына қажетті газ инфрақұрылымын жүргізді.

Жоба шеңберінде ауылға дейін 2507 метр орта қысымды газ құбыры тартылды, ауыл ішіне 990 метр төмен қысымды газ желісі жүргізіліп, 2 газ реттеу шкафы орнатылды.
Қазіргі уақытта тұрғын үйлерді табиғи газ жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Газға қосылу құны – 500 мың теңгені құрайды.

Бүгінде Әли ауылында 2 мыңға жуық тұрғын, 300-ден астам тұрғын үй бар. Елдімекенде 1 мектеп, 1 балабақша және 4 дүкен жұмыс істейді.

Айта кетейік, Іле ауданындағы 22 елді мекеннің 21-і табиғи газбен қамтамасыз етілген. Ауданда көгілдір отын жетпеген жалғыз ауыл – Күрті. Аталған елдімекендегі тұрғын үй санының аздығына (26 үй) байланысты газдандыру жобасы экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылған.