Райымбек ауданында тоғыз жолдың торабына орналасқан Текес, Жаңа Текес дейтін ағалы-інілідей екі ауыл бар. Географиялық картаның бетінен ойып орын алған Іленің басы, атақты Текес өзенінің екі жағына қоныс тепкен бұл ауылдар бір кездері ауданның күре тамыры іспетті еді. Өйткені, таулы өңірдегі іргелі шаруашылықпен қатар үлкен-үлкен кәсіпорындар осынау ағайынды екі ауылға қоныстанып, аудан экономикасының өркендеуіне, ауыл мәдениетінің көтерілуіне сүбелі үлес қосқаны ақиқат. Нәтижесінде екі ауылдағы тіршіліктің тынысы тарылмай, жылдың төрт мезгілінде де қазандай қайнап, құмырсқаның илеуіндей қалаймақан күй кешіп жататыны ауылды былай қойғанда, аудан тұрғындарының да есінен шыға қойған жоқ.
Қоғам өзгеріп, уақыттың тамыры басқаша соқты. Жекешелендірудің желеуімен мемлекеттің негізгі тірегі саналып келген ауылшаруашылығы бір-екі жылдың ішінде таратылып тынды. Осы уақытқа дейін тағдыр-талайы ауылшаруашылығымен таспадай өріліп, тонның ішкі бауындай тығыз байланысып келген жаңағы кәсіпорындардың да ғұмыры тәмәм болды. Мұның өзі жұмыссыздықты тудырып, тұрғындарды кәсіп іздеп қала төңірегіне қоныс аударуға мәжбүрледі. Ауылдың да берекесі кетіп, сән-салтанаты мен мәдениеті алаңдайтындай күйге түсті. Алайда күдер үзуге де негіз жоқ еді. Мемлекет тарапынан қабылданып жатқан заманауи заңдар мен сындарлы саясаттың іске асырылуы күйі кетіп бара жатқан ауылдың еңсесін қайта көтеруіне, мәдениеті жандануына жол ашты. Сөйтіп,тағдырын төрт түлік малмен тоғыстырып жүрген ауыл тұрғындарының да болашаққа деген сенімдерін арттыра түсті.
Жуырда біз Текес ауылдық округінің әкімі Нұрболат Таубалдиевпен сұхбаттасып, ауылдың бүгінгі жай-күйі төңірегінде жан жадыратар жақсылықтардан хабардар болған едік.
– Нұболат Құрашұлы! Қоян жылымен қоштасып, Ұлу жылын төрімізге шығарып отырған жайымыз бар. Ең алдымен өзіңізді, өзіңіз арқылы ауыл тұрғындарын осынау Жаңа жылмен құттықтаймыз!
– Рахмет!
– Сіздің осы ауылдың төл перзенті екеніңізді білеміз. Сондықтан әңгімеңіздің «біссімілләсін» ауылдың өткен тарихынан бастасаңыз?
– Жерлесіміз Беркін Әкебаевтың осыдан екі жыл бұрын жарық көрген «Нарынқол өңірінің тарихы» атты кітабындағы дерек бойынша Текес өзенінің бойындағы қыстаққа 1872 жылдың сәуірінде переселен орыстар да келіп қоныстана бастапты. Олардың басым көпшілігі Ресейдің Красноярск өлкесінікі болғандықтан ауылды «Красноярский» деп атапты. Бұл атау 1931 жылы Текес ауылы болып қалпына келтірілген. 1924 жылы осы жерден екі сыныптық мектеп ашылып, Сосин дейтін адам башысы, Гагарин дейтін адам мұғалім болған мектепке алғаш 21 бала тартылыпты. Сауат ашу жұмысы қатар жүргізіліпті. Бұл мектеп 30-жылдардың соңын ала 7 сыныптық орыс мектебіне дейін көтерілген. 1939 жылы Сағатбай Қасенов дейтін осы өңірдің тумасы 4 сыныптық қазақ мектебін ашыпты. Бұл кісі қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың ең алғашқы ұстазы болған. Айтақын Алпысбаев, Зейнехан Намазбаева сияқты ел басқарып, қоғам қайраткері атанған азаматтар да осы кісінің алдынан дәріс алыпты. 20-30 жылдары мойынсеріктер жұмыс істесе, 1931 жылы Үкіметтің қаулысымен осы жерден Карл Маркс колхозы құрылып, мойынсеріктің мүшесі деп танылған қазақ-орысы аралас 56 адам колхозға мүше болып кірген. 1942 жылға дейін колхозда 589 бас іріқара, 655 бас қой-ешкі, 951 бас шошқа өсіріліпті. 50-жылдардың бел ортасында мемлекеттің қаулысымен шаруашылықтар ірілендірілгенде Текестің шығысы мен батысына, 7-8 шақырым қашықтыққа орналасқан «Өрнек», «Тегістік» колхоздары Карл Маркс колхозына қосылып, екі ауылдың тұрғындары Текес ауылына қоныстаныпты.
Кеңестік қоғамдағы қандай да бір сындарлы саясат болсын Текес ауылын айналып өтпеген. Ұлы кәмпеске, колхоздастыру, ашаршылық, саяси-қуғын сүргін, екінші дүниежүзілік соғыс дейсіз бе, қай-қайсының болса да ауыл тұрғындарына әкелген қайғысы мен қасіреті аз болмағаны анық. Және сол ауыртпалықтың бәріне қайыспаған, елі мен жеріне, Отанына адал қызмет етуді ұлы борыш санаған азаматтар ел еңсесін көтеруге, мемлекеттің экономикалық тұрғыда дамуына үлкен үлес қосудан танбағаны белгілі. Қазір бұл кісілердің бәрі өмірден өтсе де бүгінгі ұрпақтың жадында сақтаулы. Есімдері көшелерге беріліп, ескеркішке аттары жазылған. Ауыл ортасына мүсіндері орнатылған. Мектеп ішінен ашылған өлкетану мұражайы арқылы кезең-кезеңімен келген жас буын олардың өмір-тарихынан мол хабардар болып отырады.
– Бәрекелді! Сөзіміздің кіріспесінде осы ауылда еңбек көрігін қыздырған кәсіпорындар болғанын айтып өттік. Солар туралы деректерге азды-көпті тоқталып өтсеңіз?
– 1936 жылы Кеген ауданынан бөлініп өз алдына Нарынқол ауданы құрылғанда Текесте алғаш рет МТС (машина-трактор станциясы) ашылған екен. Кейіннен РТС, «Казсельхозтехника», «Госкомсельхозтехника» аталған бұл кәсіпорынның негізгі атқаратын жұмысы жаңадан құрылған колхоздарға түрлі маркадағы тракторлар мен ауылшаруашылығы машиналарынан, техниканың қосалқы бөлшектерінен көмек көрсетіп, шаруашылық жұмыстарының үзіліссіз алға жүруіне жол ашқан. Аталған кәсіпорын қанатын кеңге жайып, 90-жылдарға дейін жұмысын жоғары деңгейде жүргізді. Сонымен қатар «Астық қабылдау пункті», «Колхозаралық құрылыс ұйымы», «Автотранспорт кәсіпорны», «Электр жүйесі» мекемесі, «Жанармай сақтау орталығы», «Газ тарату жүйесі», Карл Маркс картоп совхозы, екі бірдей орта мектеп, ауылдық емхана, ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуына лайықты үлес қоса білді. Ал,Текес ауылдық кеңесі болса, аталған мекемелермен тығыз байланыс орнатып, ағалы-інілі екі ауылдың түлеп-түрленуіне, мәдениетінің өсіп-өркендеуіне ұйтқы болғаны анық. Сол кезеңде Текес ауылдық кеңесіндегі халық саны 6000-ға жуықтап, тоғыз жолдың торабындағы ауыл аудандағы іргелі елді мекен қатарынан орын алды. Жұмажан Қасиев, Көкалай Жұмабеков, Есенгелді Жылысов, Әлібек Сұлтанов, Серік Нұрбаев, Серік Бөкенбаев, Меліс Бұғыбаев, Абай Исабаев сияқты жоғарыда аталған мекеме, кәсіпорын басшылары мен Қалыбай Әбиев, Жақан Сағатбаев, Қайсар Молдабеков, Кеңесбай Байқанов сияқты шаруашылық басшыларының, Бекен Әбділдаев, Биқан Кенебаева, Серікбай Қалисынов секілді ауылдық кеңес төрағаларының, ауылдық емхананың Серікбай Монтаев, Валентина Кобзева сынды білікті басшы, дәрігерлерінің, мектеп директорларының ұтымды ұйымдастырушылығы, Амангелді Ботанбеков, Қасым Айтбаев, Бейбіт Күренкеев, Сұлтанбай Тәлтеков сияқты еңбек майталмандарының, соғыс ардагерлерінің ауылды көтерудегі,тұрғындарының әл-ауқатын жақсартудағы еселі еңбектері мен қажыр-қайраттары ауыл халқының есінен шыға қойған жоқ. Өмірден өткендерінің иманына салауат айтып, тірілеріне құрмет көрсетуге дайын тұратындары сондықтан.
– Жақсы! Әңгімеңіз арқылы ауылдың өткені жайлы біраз жайттан хабардар болдық. Енді Текес ауылдық округінің бүгінгі тыныс-тіршілігіне қарай ойыссаңыз?
– Қазіргі таңда Текес ауылдық округіне қарайтын Текес және Жаңа Текес ауылдарында 5064 тұрғын тұрады. Олардың еңбекке жарамдысы 3017, 443-і зейнеткер, 159-ы көп балалы аналар санатында, 94 адам мүгедек ретінде, 12 бала мүмкіндігі шектеулі тұлға ретінде тіркелген.
Өткен 2023 жылы «Ауылдық округ әкімінің қызметін қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша бюджеттен 40 974 мың теңге бөлініп, бұл қаражат жыл соңына дейін толығымен игерілді. Мемлекеттік қызметшілердің еңбекақы, зейнетақы қорларына, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға, салықтық төлемдерге және ел ішіндегі іссапарлар мен қызметтік сапарларға жоғарыдағы соманың 23 млн. 345 мың теңгесі қаралса, ол да жүйелі түрде жұмсалды. Сондай-ақ, «Елді мекендегі көшелерді жарықтандыру» бағдарламасына бөлінген 889 мың теңгенің 489 мың теңгесі арқылы көше шамдарын электр қуатымен қамтамасыз ету үшін «Алматы ЭнергоСбыт» Ақ-мен келісім шарт жасалынып, аталған мекеме көше шамдарын электр қуатымен жыл ішінде үзіліссіз қамтамасыз етті. 3 көшеге жарық шамдары орнатылды. Алматы-Нарынқол күре жолының ауылды кесіп өтетін бойына 56, Шабанбаев көшесіне 40, Абай көшесіне 20, Орбита көшесіне 15 көше шамы орнатылып, 300 метр су құбыры тартылды. Дембаев көшесіндегі 40 шам жаңартылды. 280 мың теңге көше шамдарын күтіп-баптау үшін келісім шарт жасасқан «Даму элкомқұрылыс» ЖШС-нің техникалық қызметін көрсетуге жұмсалды. Сонымен қатар елді мекеннің тазалығын қамтамасыз етуге, көгалдандыру мен абаттандыруға, қыс маусымында көше жолдарын қардан тазартуға бөлінген қаржы көздері де мақсатты істің лайықты жүзеге асуына мүмкіндік тудырды. Бір сөзбен айтқанда бюджеттен бөлінген қаражат ауыл әлеуетін жақсартуға оңтайлы негіз қалады. Жүйесін тапқан мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жарасымды жалғасын табатыны анық.
– Ауылдың негізгі тіршілік көзі ауылшаруашылығына тікелей қатысты екені бесенеден белгілі. Ендігі әңгімеңізді осы салаға қатысты өрбітсеңіз?
–Текес ауылдық округіндегі ауыл шаруашылығына арналған жер көлемі 11136 гектарды құрайды. Мұның 3335 гектары – егістік, 44 гектары –шабындық, 1337 гектары – жайылымдық есебінде. 1567 гектар жер-ауылдық округ иелігінде. Осы аталған жермен 211 шаруа қожалығы айналысып, Жер-ананың төсін иітуге барынша ден қойып келеді. Өткен жылдың көктемінде шаруалар 530 гектар жерге арпа, 100 гектар алқапқа күздік бидай, 575 гектарға картоп, 30 гектарға көкөніс, 1900 гектарға көпжылдық шөп еккен болатын. Көктемнен басталған дала жұмысы еңбекқор жандардың күннің аптабы, жаңбыр мен желдің өтінде күнді-түнге, түнді-таңға ұластырған іс-қимылдары күзде берекесін берді. Нәтижесінде арпадан 780 тонна, картоптан 10276 тонна, көп жылдық шөптен 9310 тонна өнім алынды. Ауыл шаруашылығы жұмыстарына егін оратын 2 комбайн, «МТЗ-82», «МТЗ-92» тракторларынан 15, басқа да ауыл шаруашылығы техникалары қатыстырылды. Сонымен қатар картопты күтіп-баптауға қажетті жаңа техникалар сатып әкелінді. Сөйтіп, шаруа қожалықтарының мүшелері, диқан қауымы алажаздайғы төккен терлерінің жемісін көріп, қуанышқа кенелген жайлары бар.
Ауылда төрт түлік мал басы жыл санап өсіп келеді. Қазір ауыл тұрғындарының еншісінде аналық-аталығын қоса есептегенде 3497 бас ірі қара, 1896 бас жылқы, 13010 бас қой-ешкі бар. Мал тұқымын асылдандыру мақсатында өткен жылы жекелеген шаруа қожалықтары асыл тұқымды 9 бас бұқа сатып алды. Бұған қоса «Ретай» ШҚ 132 бас абердин-ангус ірі қара, Ерік ШҚ 50 геофорд ірі қара мен 500 бас қойды мемлекеттік бағдарламамен сатып әкеліп,мал басын асылдандыруда. Мал бордақылау жұмысымен 5 шаруа қожалығы тұрақты айналысып келеді. Мал тоғыту пункті көктем, күз мезгілінде тоқсаусыз жұмыс істейді. Мал емдеу үшін бюджеттен арнайы вакцина бөлініп,тегін емдеу жұмыстары талапқа жүргізілді. Мал өлекселерін тастайтын арнайы орын бөлініп, жасалынды.
– Нұрболат Құрашұлы! Кезегі келіп тұрғанда ауылдағы кәсіпкерлік пен білім, мәдениет, денсаулық саласының жайы туралы да хабардар ете отырсаңыз?
Шағын және орта бизнесті дамыту бүгінгі күннің негізгі талабы екені анық. Бұл орайда округте қолға алынып, оңтайлы шешімін тапқан жұмыстар аз емес. Қазіргі таңда шағын кәсіпкерлікпен айналысу үшін 250 субъект тіркелген. Олардың 211-і шаруа қожалықтары болғанда, 13-і заңды тұлғалар. 30-жеке кәсіпкер. Осы кәсіпкерлердің иелігіндегі 4 азық-түлік дүкені, 2 қосалқы бөлшектер дүкені, 5 дүңгіршек, 1 тойхана, 1 киім тігу шеберханасы, 1 асхана, 3 май құю стансасы, 1 ұстахана, 2 көлік жөндеу шеберханасы, 1 көлік жуатын орталық, 1 шаштараз, жұмыс істеп, тұрғындар талабын қанағаттандыруға ден қоя әрекет жасауда. Тамыз айында «Фортис Бетон» ЖШС бетон құятын орталық ашылды. Жоба құны 1,5 млн. доллар. Қазір мұнда 19 адам жұмыс істеуде. Жаңа Текес ауылынан 2 жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылып жатыр. «Райымбек нан» ЖШС-не 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылавды. «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы бойынша 2,5 пайыздық несиеге 45 адам өтініш берсе, бүгінде олардың екеуі қаржыларын алып, кәсіптерін бастады.
Округ аумағында орта мектеп, 1 негізгі мектеп, 1 өнер мектебі, «Қызғалдақ» аталатын бір балалар бақшасы жұмыс істейді. 2022-2023 оқу жылында Қ. Шорманов орта мектебі бойынша 25 сынып комплектісімен 491 оқушы 2 ауысымда, 2 мектеп алды даярлық сыныбымен, Жаңа Текес мектебі 10 сынып комплексінде 70 оқушымен бастады. Алғашқысында 144 оқушы, кейінгісінде 60 оқушы ыстық тамақпен қамтылды. Күндік тамақтану ақысы 500 теңге болып белгіленді. Ауылдық округ аумағында мәдениет үйі жұмыс жасайды. Онда 5 адам қызмет істейді. 18882 дана кітап қоры бар кітапхана оқырманның толассыз келетін орнына айналуда. Округте бір аурухана, бір медпункт жұмыс істейді. Ауруханада 2 дәрігер, 8 орта буын, 3 кіші буынды медицина қызметкерлері емделушілерге медициналық қызмет көрсетеді.
– Ауылдың әлеуетіне қатысты не айтар едіңіз?
– Әрине, ауылдың әлеуеті ең өзекті мәселе. Бұған қатысты округте атқарылып, жүйесін тапқан істер жоқ емес. Аз қамтылған, көп балалы отбасыларына, жалғыз басты қарттарға, мүгедектерге 2023 жылы түрлі деңгейдегі демеушілердің көмегімен 681 000 теңге көмек көрсетілді. 20 тонна тас көмір таратылып берілді. Өткен жылы 15 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, олар бұл көмектің игілігін көрді. Ақылы қоғамдық жұмысқа 26 адам тартылып, 12 ай бойы еңбекақымен қамтылып отырды. 2 адам жұмыс мерзімі аяқталысымен жұмысқа орналастырылды.
2023 жылы Нарынқол орман шаруашылығымен бірігіп, ауылдағы паркке 360-қа жуық көшет отырғызылды. Жаңа Текес ауылындағы екі көшеге асфальт төселіп, жарық шамдары орнатылды. Екі ауылдың тұрғындары да таза ауыз сумен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, өткен жылдың соңын ала Текес ауылынан ауыл әкімдігінің жаңа ғимараты салынып, пайдалануға берілді. Орталық көшеден жаяу жүргіншілер жолы жасалып, ауыл тұрғындарының көз қуанышына айналды. Мұның өзі ауылдың мәдениетінің көтеріліуіне, әлеуетінің артуына игі ықпалын тигізгені, адамдардың ертеңгі күнге деген сенімдерін нығайтып,көңілдерін демдегені анық.
– Әкім мырза, өзіңізбен жүргізілген сұхбат ауылдың жайы туралы көп нәрседен хабардар еткені анық. Әрине, алда атқарылатын жұмыс, шешімін күткен өзекті мәселелер баршылық екенін білеміз. Сөзіңізді сол кезегін күткен мәселелермен қорытындыласаңыз?
– Сұрағыңыз орынды. Ағымдағы жылы балалар ойнайтын алаңның құрылысының сараптамалық құжаттарын толықтыру, қатты қалдықтар тастайтын орынды орталықтандыру, Көшелерді жарық шамдармен толық қамтамасыз етуге бюджеттік өтінім беру, ауыл ішіндегі 3 километр көше жолдарын күрделі жөндеуден өткізу мәселелері кезегін күтіп тұр. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыра беру, ауыл ішінің санитарлық тазалығын, көркейту-көгалдандыру,абаттандыру жұмыстарын ұдайы басты назарда ұстау да ауылдық округтің басты міндеті. Бұдан басқа да шешімін күткен іс-шаралар жеткілікті. Ендігі мақсат – Жаңа жылда әр жұмысты жаңаша тәсілмен жүргізіп, мақсат-міндеттен, уәде үддесінен табылу. Сөйтіп, ауылдың әлеуетін арттыру.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен – Жұмабек Тәліпұлы,
Текес ауылы,
Райымбек ауданы