Биылғы көктем еліміз үшін аса ауыртпалық ала келген кезең болып тұр. Күн жылына бастаған кезден-ақ қыстай жауған қалың қар ерісімен аққан су арнасын таппай жайылып аға бастады. Жер бетін басып жатқан мұз еріген судың топыраққа сіңуін қиындатты. Жөңкіле аққан топан су алаңсыз отырған ауылдар мен шағын қалалардың тұрғындарын әбігерге салды. Мұндай қауіпті күтпеген билік те, қарапайым халық та бар күшті сол қарғын су жүрген өңірлердегі адамдарды аман алып қалу үшін жанталасуда.
Мұндайда адамдардың бір-біріне деген көмегі аса қажет. Жергілікті жердегі әкімдіктер, төтенше жағдайларға қарсы күрес құрылымдары, ішкі істер органдары, қарулы күштердің сарбаздары жаппай жұмылып, адамдарды құтқаруда зор ерлік істерді жүзеге асырып жатыр. Оны телеарналардан көріп, бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып, жіті бақылап отырмыз. Мемлекет басшысының өзі Қасым-Жомарт Тоқаев Батыс Қазақстан облысында болып, тұрғындармен кездесті, Үкімет басшысы мен оның орынбасарлары, облыс әкімдері, Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері осы жауапты істің басы-қасында болып, тікелей басшылық жасауда. Соңғы жетпіс-сексен жылда мұндай ірі су тасқыны болып көрген емес. Табиғаттың тосын мінезінен су тасқыны болған солтүстік облыстардың, әсіресе Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Атырау және өзге де облыстардың тұрғындары көп жапа шеккенін көріп отырмыз. Қашанда ел басына түскен ауыртпалықтарға жұмыла қарсы тұратын халқымыз зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына көмек қолын созып, киім-кешек, азық-түлік, құрал-сайман, тағы басқа да қажетті заттарды жаппай жіберіп жатыр. Жұмыла көтерген жүк жеңіл болатыны бесенеден белгілі емес пе.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін осы жағдайларға байланысты Қазақстан халқына Үндеуін жариялады. Болып жатқан жағдайды баяндай келе, зардап шеккен отбасылар мен жеке тұрғындардың бірде-біреуі назардан тыс қалмайтынын, оларға тиісті көмек берілетінін шегелеп айтты. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бұл қиындықты жеңіп шығуға шақырды. Тасқынға қарсы жасалып жатқан барлық жұмыстар мен іс-қимылдар өзінің тікелей бақылауында екенін ескертті. Президенттің Үндеуі жұртшылыққа тың күш-жігер беріп, бұл қиындықтарды толық еңсеруге деген зор сенімін ұялатты. Тарихта талай тауқыметтерді бастан өткерген халқымыз табиғаттан келген бұл қиындықтарды да толық жеңіп шығатыныа еш күмән жоқ.
Жұмаш Арғымбайұлы,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Алматы облысының Құрметті азаматы