Кеген ауданы Жалағаш ауылы үшін биылғы көктем жағымды жаңалығымен басталды. Елдімекенге тарихи атауы қайтарылды. Бұл қуанышқа тұрғындар дән риза болып, көптен бері ойда жүрген игі істі бастап кетті.
Ауылдың алдыңғы буын ағалары – Нұраш Жақашев, Шопан Әлмеев, Мейірбек Тұрлығожаев, Тайбек Смайылов, Көпжасар Нұрлыбаев, Меркібай Молдамұратов, Ерлан Абдрахманов, Қанат Тілеукеев және тағы басқа азаматтар: «Ауылымыз енді атына сай болуы керек. Сол үшін жал-жал ағаш отырғызайық, елдімекен айналасын көгалдандырайық!» – деген бастама көтерді. Мұны ауыл тұрғындары бірауыздан қолдады.
«Жақсыны көрмекке» дегендей, табиғаты тамсандырып, сұлулығы баурап алатын Жалағашқа біз де арнайы бардық. Ауылдың кіреберіс қақпасы маңында қоршау жұмыстары жүргізіліп, шырша, қайың ағаштары отырғызылып, еңбек майданы қызып жатыр екен. Осы істің басы-қасында жүрген ұйымдастырушы азаматтарды сөзге тартқан едік.
– Ауылдың кіреберіс қақпасынан Алматыға қарай төрт шақырым жол жиегіне 1600 түп шырша өсіреміз. Бірінші қатарда қарағай тұрады, екінші қатарда ақ қайың мен ақ терек көшеттерін отырғызамыз. Арасына жаяу жүргінші жолы мен орындықтар және жарық шамдары орнатылады. Болашақта жастардың, ауыл тұрғындарының демалуына және қонақтарды қарсы алуға таптырмас мәдени орын болады.
Қазір ауыл жастары мен Алматыдан келген ағайындар өз үлестерін қосып жатыр. Әрине, бұл бір жылда бітетін жоба емес, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, – дейді жоба авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы Нұраш Жакашев.
Жоғарыда айтып өткендей, бұл іске белсене атсалысып жатқан ағайын жетерлік. Ауылдың тумасы, «Ақ қайың» шипажайының директоры Досжан Кенетаев 60 түп қайың, 60 түп терек пен 50 түп шыршаны өз қаражатына алып берсе, ауыл азаматтары Мұратбек Әбеуов, Қуандық Көшкінов ағаштарды суару жұмыстарымен айналысуда. Қанат Тұрысбеков, Дастан Әлиев, Дастан Өміржанов, Айдын Араевтар қоршау жұмыстарын жүргізуде. Қанат Тілеукеев құрылыс заттарын жеткізуде автокөлікпен қамтамасыз етсе, Жанат Сағымбаев қорға жиналған қаржының тиімді жұмсалуына жауапты адам ретінде өз жұмыстарын атқаруда.
Дана халқымыз «Атадан мал қалғанша, тал қалсын!» деген тәмсілді бекер айтпаса керек. Табиғат сұлулығы мен таза ауаның кілті – ағаштар. Осы тұрғыдан алғанда, бұл игі шараның ұйымдастырылуы тек ауыл үшін ғана емес, аймақтағы экологияны одан әрі жақсартуға ықпал етері сөзсіз.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы