Ана дегенде толқымайтын жүрек, толғанбайтын жан жоқ. Осы үш әріптен тұратын “Ана” сөзінің астарында теңіз сияқты терең ой жатыр. Әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. “Ана” сөзі мағыналы да қастерлі сөз. Қазақ халқы аналарға қашанда ерекше құрмет көрсетеді. Бұл дәстүр қай кезеңде де маңызын жойған емес. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Қ.Тоқаев «Дана халқымыз қашанда анасын ардақтап, аруларын сыйлай білген. Бұл – ежелден қанымызға сіңген асыл қасиет» деп атап өткен болатын. Кейін мемлекет басшысының шешімімен 12 мамыр – Аналар күні деп жарияланды. Яғни, 2024 бастап бұл күн еліміздің күнтізбесінде “Аналар күні” деген мерекелік атауға ие болмақ.
Бүгінде үлгі алар қазақ аналары қоғамның біртұтас мүшесіне айналған. Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиелеу жолында ананың рөлі ерекше.
Осы орайда дана халқымыздың “Аналар – отбасын ошағын сақтаушылар”, “Әйел ана бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді” деген сөздері дәл тауып айтылғандай. Мейірімді көзінің нұрын төгіп қараған сәтте-ақ мынау маңғаз дүниенің бетіне қан жүгіреді. Ананың жарқын жанары тасжүрек тіршілікті еркелете аймалағанда адамзат біткен еріксіз елжірейтіні анық. Өйткені әйел-ана өмір дауылын жеңетін күшке ие.
Бүгін біз 1940 жылы 1 сәуірде Монғолияда, Баянөлгий аймағында туған Егеухан Мұқамәдиқызы туралы айтуды жөн санадық. Е.Мұқамәдиқызы ақындық өнерді дамытуға қосқан үлесі үшін «Айтыс ақыны» атағын алған. Бірнеше республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегері, «Құрмет» орденінің иегері, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері. Моңғол Халық Республикасының екінші разрядты шахматшысы. “Анаға құрмет” музейінде он бала тәрбиелеп өсірген «Алтын алқа» иегері Егеухан Мұқамәдиқызына арналған бұрыш ашылған болатын. Музей төрінен орын алған бұрышта ақ жаулықты ананың айтыс сахнасында киген кимдері мен өмір жолдарынан фото суреттері сақталған. Сондай-ақ Е.Мұқамәдиқызы музей қорына өз қолымен тіккен, өзіне талай сында жүлделі орындар сыйлаған, дәлірек айтқанда бағы жанып, жеңіске жеткен шақтардың куәсі болға құлын жарғақ киімін сыйға тартқан болатын. Қазіргі таңда бұл тарихи киім көптің назарын аударатын экспонаттардың біріне айналған. Сонымен қатар жуырда Жазушылар одағының жылдағы дәстүрге сай қорытындысына сәйкес Егеухан Мұхамәдиқызына «Күдір жон, күрең белдерде» кітабы үшін “Алаш” сыйлығы тапсырылды. Әдебиеттің алтын қорын өзінің тың шығармаларымен толықтырып жүрген Е.Мұқамәдиқызын марапатымен құттықтаймыз.
Мінекей, бүгін біз қазақ аналарының үлгі алар бейнесіне айналған мыңдаған жанның бірін ғана сөз еттік. Алайда мынау жарық әлемді силаған әрбір аяулы ана қашанда құрметке лайық. Жаныңда жадыратар анаң жаныңда болғанда, жасың жетпістің желкеніне жетсе де шат көңілді баладай еркелеп жүре бергің келеді. Отбасының ұйытқысы, әлемнің жанашыры, өмірдің шырақшысы айналған айналарға әрдайым бас иеміз.
Тұрлыбаева Аида,
Анаға құрмет музейінің экскурсия жетекшісі